Жаңа бағыттың экономикалық саясаты

Латын әліпбиіне көшудегі мақсат қазіқ тілінің иммунитетін қайтару - Ғ.Бейсембаев (ВИДЕО)

Астана қаласы12 Қазан , 08:53

Латын әліпбиіне көшудегі мақсат қазіқ тілінің  тілдік иммунитетін қайтару, деді   «EDTECH-KZ» халықаралық білім орталығының бас директоры Ғани Бейсембаев «Strategy2050.kz» АА тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында.

«Латын әліпбиіне көшуді 1999 жылы біраз зиялық қауымдардың басы қосылып, Ақселеу Сейілбектің мұрындық болуымен және Елбасының  тапсырмасымен қарастырылған болатын. Қазақтың сол кезде құрылған Ыбырай Алтынсарин атындағы Білім  академиясында Заки Ахметов, Зейнолла Қабдолав, Манаш Қозыбаев сияқты ірі мүйізі қарағайдай академиктеріміздің басы қосылып талқылады. Содан бері он сегіз жылдай уақыт өтті. Ол кезде ғалымдардың латын әліпбиіне көшу көшпеудегі қаупі жетпіс жыл бойғы еңбекті жоғалтып алмаймызба деген үрей болатын. Ал, бүгінде ІТ технологиялар дамыған заманда, бір түймемен кириллицада тұрған барлық дүниені көшіруге мүмкіндік бар жағдайда бұл үрей бірден сейілді», - деді сөз басында Ғани Бейсембаев.

Спикердің айтуынша, халық бірінші кезекте бізге латын әліпбиіне көшу не үшін қажет дегенді ойлауы керек.

«Жалпы, 1929-40 жылдар аралығында латын әліпбиіне көшу барысында зиялы қауым арасында үлкен күдік болған. Алайда,  оған қарамастан латын әліпбиі енгізілді. Екіншіден біз латын әліпбиіне көшіп жатқан жоқпыз, керісінше қайта оралып жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Латын әліпбиіне көшуде халықтың әріпке байланысты қарсылықтарды есепке алмай айтар болсақ, халықтың тоқсан пайызы латын әліпбиіне көшуді қолдап отыр, олардың басты тілегі ол әліпбидің халыққа ыңғайлы, түсінікті болуы», - деді ол.

Бұдан басқа, ол бүгінде латын графикасы бойынша қарсы пікір білдіріп отырғандардың басым бөлігі сала мамандары емес екенін ескертті.

«Бүгінде латын графикасы бойынша пікір білдіріп отырғандардың басым бөлігі мықты блогер шығар, алайда лингвистика саласының білікті маманы емес. Жалпы, латын әліпбиіне көшудегі мақсат қазіқ тілінің тілдік иммунитетін қайтару. Жиырмасыншы  ғасырдың басында кез-келген жаңа сөз қазақ тіліне енген уақытта, мысалы завод деген сөз зауыт, Москва-Мәскеу, ведро-бедіре, самовар-самаурын, болып қазақшаланып тілімізге еніп кетіп отырды. Міне иммунитеті бар тіл осылай түрлендіріп алып кете береді. Ал, бүгінде біз тілдік иммунитеттен айырылғанбыз. Мысалы, орыс тілділер интернейшнл деген сөзді интернацианалист деп қабылдайды, ал қазақ интернацианалист деп орыстан тікелей ала салады. Егер тілдік иммунитетіміз болса бұл сөз трансикрипцияға ұшырап, ол өзіміздің Москва-Мәскеу сияқты түрленіп қабылданып кететін еді. Бүгінде біз қазақшаға тікелей аударамыз, біздің басты трагедиямыз осы. Оның үстіне бүкіл әлем жиырма бес әріптен тұратын әліпбиді оқып жатқанда, біздің балалар қырық екі әріпті жаттап, оқиды. Осы тұрығысында ойналуымыз керек», - деп баса айтты тіл маманы.

Сонымен қатар, спикер халықтың латын әліпбиіне көшуге байланысты бірқатар пікірлерімен келісетінін ашып айтты.

«Мен орыс тілінің ц, ч, в  әріптерін біздің латын әліпбиге қосуымызды қайта қарау керек деген халықтың пікіріне қосыламын. Мәселен грузиндер орысша әп-әдемі өздерінің акценттерімен сөйлей береді, ағылшындар орысша таза сөйлей алмайды, олардың өздеріне тән акцент бар. Оларға ешкім күліп жатқан жоқ. Ал, біз таза сөйлейміз деп мақтанамыз. Менің ойымша этностық ерекшелік болу шарт. Мысалы циркуль дегенді сиркул, цирк дегенді сирк деп айтып, жазатын болсақ одан ештеме өзгермейді, керісінше тілдік иммунитетіміз қалыптасады», - деп түйіндеді  Ғ.Бейсембаев.

Дәулетхан Жиенқұлов

Видео: Арман Мұхатов 

 




Яндекс.Метрика