Рухани жаңғыру

Тіл тағдыры, тағы да таразыда (ВИДЕО)

Эксклюзив
Астана қаласы 29 Қыркүйек, 18:09

Дәл қазіргі уақытта, қазақ қоғамындағы қызып тұрған мәселенің бірі – латын әліпбиіне көшу. Қыркүйектің 11-інде ҚР Парламентінің Мәжілісінде латын әліпбиінің жобасы ұсынылғаны мәлім. Содан бері қоғамындағы қазақ тілі мәселесі одан сайын қыза түсті. Қазақ қоғамы латын әліпбиіне көшуді бір ауыздан қолдағанымен, оның таңбалануына келгенде дау 1-2, тіпті 3  емес, онға бөлінді. Өйткені, бірі латын әліпбиінің дикрафтарға, яғни қосарланған таңбамен бір дыбысты белгілеу үлгісін жақтаса, енді бірі диакриттік белгілерге, яғни бір дыбыс – бір таңба, деген қағидаға сүйенеді. Ал негізі, Мәжілістің мінберіне 100 жобаның ішінен таңдап алынған 1 жоба ғана ұсынылған еді... 

Дәл қазір, жер-жерде латын әліпбиінің үлгісін таңдап алу мәселесі қызу талқыланып жатыр. «Латын әліпбиіне көшеміз бе, жоқ па», деген әңгіме жабылған. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшетіні анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне біртіндеп көшу керек екенін, осыдан 5 жыл бұрын, 2012 «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялағанда айтқан болатын.

Сол маңызды құжатта: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіругекірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет  тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», - делінген.

Яғни, бұл кеше-бүгін аспаннан аяғы салбырап түсе салған, ойластырылмаған дүние емес. Егер Елбасы осы идеяны осыдан 5 жыл бұрын қағазға түсірген болса, міне, тағы 7,5 жыл бұрын сол идеяның жүзеге асырылуына алғашқы қадамдар жасап жатыр. Мемлекет басшысы жуырда ғана латын әліпбиі жалпы білім беру мекемелерінде 2022 жылдан бастап қана енгізілетінін айтты. Яғни, оған да 4,5 жылға жуық уақыт бар. Егер латын әліпбиін биыл жылдың соңына дейін қабылдаса, 4 жыл бойы оны өмірге енгізіп, оқулықтар дайындап, күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге бейімдеуге мүмкіндік болады. Яғни, латын әліпбиіне көшу туралы Елбасының бастамасына ешқандай дау жоқ, бұл көреген саясат екені мәлім.

Ал енді біздің қоғамымыздың, тіліміздің, ұлтымыздың дамуына серпін беріп, үлкен жетістікке жетелейтін латын әліпби қандай болуы керек? Қосарланған таңбалы ма, әлде ноқаты бар ма? Көрер көзге ыңғайлы болуы керек пе, оқуға қолайлы болғаны дұрыс па?

Мәжілістегі мәжілістен кейін, Қазақстан халқы ассамблеясы бастап, елдегі қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың мінберінде, тілдерді дамытумен айналысатын орталықтарда, баспасөзде, телеарналар мен радиоларда, тіпті әлеуметтік желілерде де қызу тартыс басталып кетті. Бұл мәселелерге келгенде тіл мамандары, лингвисттердің өздері де екіұдай пікірде. Неге диграфтар, яғни, бір дыбысты беретін қосарланған таңбалар осынша сынға ұшырады? Неге осы мәселе төңірегінде қызу тартыс?

Біздің қазақ қоғамының Кирилл қаріптерімен тіршілік кешіп жатқанына биыл тура 67 жыл болыпты. 1940 жылы бар-жоғы 10 жыл ғана пайдаланылған латын әліпбиін күресіңге тастай салып, Кирилл қаріптерін енгізіп жіберді. Қазақ қоғамынан ешкім сұраған жоқ, жалпыхалықтық талқылау да, референдум да, тіпті, ауыл кеңесінің кеңсесінде жиналыс та болған жоқ. Мәскеуден бұйрақ келді. Бітті! Орындалуы керек! Содан бері егер әр он жыл сайын 1 буын мектеп бітіріп отырды десек, кемінде 6 буын алмасты. Білім өлшемімен алғанда. Кирилл қаріптерімен бүкіл әдебиетіміз бен мәдениетіміз, руханиятымыз қалыптасты. Бір сөзбен айтқанда біздің санамызға Кирилл әліппесі әбден сіңді. Тіпті, былтыр осы 42 әріпке құрылған «Әліппенің» өзін алып тастағанда қандай күйге түстік? Әлі күнге дейін, ең құнды дүниемізден ажырап қалғандай болып жүрміз. Неге? Бұл шынайы адами, психологиялық фактор. Бұл қалыпты жағдай. Көзімізді ашып көргеніміз осы әріп болатын. Біз техника мен технологиядағы кездесіп жатқан қиындықтардың өзін кешіруге дайынбыз, тек осы комфорттан айырмаса болды. Біз осы қазір қолданып отырған компьютер пернетақтасының өзін өте қолайлы деп ойлаймыз. Бұдан асқан дүние болуы мүмкін еместей...

Бұл жерде көңіл бөлетін тағы бір мәселе бар. Өткен ғасырдың 30-40 жылдары аралығында қазақ оқымыстылары, зиялылары латын әліпбиін пайдаланды. Қазіргі біздің көшкелі отырғанымыз сол латын, яғни бұл латын әліпбиіне көшу емес, латын әліпбиіне оралу. Өйткені, ғалымдар сол кездегі шыққан газеттер мен кітаптарды оқығанда, кейбір сөздердің қазір бұрмаланып кеткенін байқаған. Яғни, латын әліпбиіне оралу арқылы, біз бұрынғы өзіміздің төл сөздеріміздің дұрыс дыбысталуы мен дұрыс айтылуына мүмкіндік аламыз.

 

 

Енді не өзгереді?

Мәжіліске таныстырылған жобаның авторлары - Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының ғалымдары мен А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары диграфтарға, яғни, қосарланған таңбаларға бүйрегі бұратын сияқты. Неге? Өйткені, бұл негізгі латын әліпбиін бұзбайды. Осы латын әліпбиінде бар 25 таңбаны ғана қолданамыз, дейді. Бірақ бұл ағылшын тіліне ыңғайлану немесе компютердің пернетақтасына байлану емес, дейді жоба авторлары.

Енді осы ұсынылған жобаға сыни пікір айтып жүргендер де бар. Олар Әзербайжан, Өзбекстан секілді әліпбиде диакриттер пайдалануды ұсынады. Яғни, апострофтар арқылы әріптердің әр жеріне ноқат қойып, өзіміздің төл дыбыстарымызға ыңғайлау керек дейді. Ондай жағдайда, тілдік норма сақталуы мүмкін, алайда, тағы да сол компьютердің пернетақтасындағы үстіңгі, артық қатарға жүгіну керек болады екен. Өйткені, қазіргі біздің Ә,І,Ң,Ғ,Ү,Ұ,Қ төл дыбыстарымыз тұрған қатарсыз, ноқаты бар әріптерді енгізу мүмкін емес. Ал латынға өтудегі себептердің бірі – осы артық таңбалардан құтылу болатын.

Қолданыстағы Кирилл қаріптерінің әсіресе, интернет жүйесінде жұмыс істегендегі, оған қандайда бір материалдарды жүктегендегі ұшырасатын қиындықтары тағы бар. Аударма ісіндегі қиыншылықтар туралы Ұлттық аударма бюросының басшысы да өз уәжін айтып отыр.

Бүгінгі таңда, ел аумағында жүздеген жиын өтіп, әртүрлі пікірлер айтылды. Ербол Тілешов мырзаның айтуынша, қазірдің өзінде 1600 пікір түсіпті. Оның ішінде 20-шақты әліпби үлгісі де бар екен.

 

Латын әліпбиін жасау жөніндегі жұмыс тобына артылған жүк жеңіл емес. Өйткені, әуелгіде сынға ұшырап қалған жобаның не жаңа нұсқасын ұсынулары керек, немесе осы бар дикрафтық нұсқаның өзінің қазақ қоғамы қабылдайтын етіп жасау керек. Одан да қиыны – уақыт. Биыл жылдың соңына дейін латын әліпбиі бекітіліп, келесі жылдан бастап тым болмаса, жұмыс нұсқасын бекіту керек. Егер жұмысқа немесе өндіріске бағытталған нұсқасын қолданысқа енгізілсе, оның өміршеңдігін де байқауға болады. Белгілі бір уақыттың ішінде қолданысқа қолайлысы мен ыңғайсыздары іріктеледі. Содан кейін негізгі әліпбиді іріктеп, өзгертулер енгізе беруге болады. Сонда, 2022 жылға дейін, қағылып-соғылып, әліпби де біздің тұрмыс-тіршілігімізге, біздің өміріміз де латынғы ыңғайланып қалар еді.

Тіл тағдыры – ел тағдыры сынға түсіп тұрған шақта, асығыс шешім қабылдап, науқаншылдықтың жетегінде кету жарамайтынын Елбасы да ескерткен болатын.

Дәулетхан ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ

Видео: Азамат Әлиев 
 





Яндекс.Метрика