Парламент

ШҚО-да Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің кеңейтілген отырысы өтті

Шығыс Қазақстан облысында Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіровтың төрағалығымен Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің кеңейтілген отырысы өтті.
Шығыс Қазақстан 29 Қыркүйек, 18:54

Өскеменде өткен Комитеттің кеңейтілген отырысына  судьялар, әділет, құқық қорғау органдарының және облыс әкімдігі мен біршама мүдделі орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлері,  сонымен қоса, «Нұр Отан» партиясы мен «Атамекен» ҰКП-ның және басқа да бизнес қауымдастықтар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлағандай,  шараға халық қалаулылары мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдерімен қоса «Бірлік» және Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиялары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де белсенділік танытты.

Көшпелі отырыстың негізгі тақырыбына сәйкес, Үкіметтің Мәжіліске енгізген Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне (әзірлеуші - Әділет министрлігі) енгізілген түзетулер туралы талқыланды.

Заң жобасы Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын орындау мақсатында әзірленген.

Жоба әкімшілік-деликтілік заңнаманы одан әрі ізгілендіруге, әкімшілік-процестік нормаларды жүйеге келтіруге, жекелеген әкімшілік-құқықтық және процестік институттарды жетілдіруге бағытталған.

Әкімшілік-деликтілік заңнаманы ізгілендіру шеңберінде әкімшілік айыппұлдардың мөлшерлерін төмендету, алдын алу институтын қолдануды кеңейту, жазалау түрлерін оларды ізгілендіру пайдасына қайта қарау, қысқартылған іс жүргізуді қолдану аясын кеңейту, сондай-ақ, айыппұл сомасы жалпы сомадан 30 % шегінде қысқартылуы мүмкін субъектілер, соның ішінде заңды тұлғалар тізбесін кеңейту ұсынылды.

Осы шара аясында бір қатар мемлекеттік органдардың, оның ішінде  Әділет министрлігі, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП мен Республикалық адвокаттар коллегиясының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексін құқықтық қолдану туралы тыңдау өткізілді.

Көшпелі отырыстың қорытындысында айтылғандай, талқыланған мәселелер бойынша барлық ұсыныстар мен ескертулер Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің  мүшесі, Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов жетекшілік ететін Заң жобасы бойынша Жұмыс тобында ескерілетін болады.





Яндекс.Метрика