Көліктік-логистикалық жүйенің дамуы

Қарағанды облысында автомобиль жолдарында жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын

Аймақта 2017-ші жылғы көлік инфрақұрылымын дамыту шеңберінде жалпы ұзындығы 863 шақырымды құрайтын көпшілік пайдаланатын автомобиль жолдарында жөндеу жұмыстары жоспарланған болатын. Бұл мақсаттарға 33,5 млрд теңге бөлінген.
Қарағанды 29 Қыркүйек, 17:16

Әкімдіктің мәліметінше,  қазіргі таңда жөндеу кампаниясы аяқталуға жақын қалды. Қай жолдар қалпына келтірілгені туралы Қарағанды облысының Жолаушы тасымалдау көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жетекшісі Әскербек Халтонов Аймақтық байланыс қызметінде өткен брифингте айтып берді. 

«Облыста биылғы жылы 863 шақырым автомобиль жолдарында жөндеу жүргізу жоспарланған болатын. Тек Қарағандының өзінде 150 шақырым жол жөнделген. Облыстық маңызы бар жолдар – 477 шақырым, кент ішіндегі жолдар – 64 шақырым. Биылғы жылы жөнделген жолдардың жалпы ұзындығы өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есе көбірек. Облысымыздың ірі қалаларындағы – Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Балқаш шаһарларындағы жол тораптарына баса назар аударылды», - деп мәлімдеді спикер. 

Қарағандыда жөндеу жұмыстары 49 көшеде аяқталды, 58-де әлі де жалғасып жатыр. Теміртауда жоспарланған 11 көшенің 10-ы жөнделген. Балқаш қаласында 12 көшенің біреуінде ғана жол жөндеу жұмыстары әзірге аяқталмаған. Жезқазғанда да бір көше қалған, 13 көшенің жолы қалпына келтірілген. 

Облыс бойынша шамамен 360 мың тонна асфальт төселген. Елді мекендерді қосатын жолдарды жөндеу әзірге өзектілігін жоғалтқан жоқ дейді басқарма басшысы. Оның айтуынша, келесі жылы бұл проблемаларды шешуге баса назар аударылады. 
 





Яндекс.Метрика