Өңірлер

Қазатомөнеркәсіп ОҚО жалпы өнімінің 13 пайызға жуығын өндіреді – Ғ.Пірматов

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бүгін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматовпен кездесті. Кездесу барысында екі жақты әріптестікке қатысты бірнеше мәселе талқыланды.
Оңтүстік Қазақстан 29 Қыркүйек, 11:12

Өңір басшысы уран өндіретін кәсіпорынның облыс үшін аса маңызды екенін атап өтіп, компания өкілдерін кәсіби мерекелері – атом өндірісі қызметкерлерінің күнімен құттықтады.

«Қазатомөнеркәсіп» компаниясы облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына едәуір үлес қосуда. Өндірісте соңғы үлгідегі жаңа технологиялар қолданылуда. Кәсіпорынға қажет құрылғылардың көбісі біздің облыста шығарылады. Біз ұлттық компаниямен әріптестігімізді одан әрі жалғастырамыз», - деді Жансейіт Түймебаев.

Өз кезегінде Ғалымжан Пірматов компанияға көрсетіліп отырған жан-жақты қолдау үшін өңір басшысына алғыс білдірді.

«Қазатомөнеркәсіп» облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді үлес қосуын және әріптестік байланысты әрі қарай дамытуды жалғастыра береді. Ұлттық компания өңіріміздің жалпы өнімінің 13 пайызға жуығын өндіреді. Бүгінгі таңда жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсету үшін өңіріміздегі тауар жеткізушілермен келісім-шарттар жасалған», - деді Ғ.Пірматов.

Айта кету керек, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран экспорттау мен оны қосу, атом электр станцияларына қажет ядролық отын, арнайы құрылғылар мен материалдар, технологияны дамыту бойынша ұлттық операторы. «Қазатомпром» әлемдегі уран өндіретін жетекші компаниялардың бірі саналады және Қазақстан Республикасындағы баламалы энергетиканы дамыту бағдарламасының қатысушысы.

 

 

 





Яндекс.Метрика