Экономика

Стратегиялық даму жоспары 30 дамыған елдің қатарына енуге мүмкіндік береді – Т. Сүлейменов

Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын жүзеге асыруда жеке бизнес пен халықтың белсенді рөлі көзделген. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Өскемен қаласында өткізілген Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының жобасындағы негізгі қағидаларды түсіндіру жөніндегі кеңесте мәлімдеді.
Астана қаласы 29 Қыркүйек, 10:18

Сүлейменов 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар адамдардың тұрмыс сапасын ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне көтеретін экономиканың сапалы және тұрақты өсіміне қол жеткізуге бағытталғандығын атап өтті.

 «Жоспарды үкімет үкімет үшін құрып отырған жоқ. Онда жеке бизнестің, компаниялардың, кәсіпкерлердің, халықтың белсенді рөлі қаралған міндеттер мен бастамалар көрсетілген. Мемлекеттің, бизнестің және азаматтардың әріптестігі арқылы ғана болашақтағы бәсекеге қабілетті елді қалыптастыруға болады», - деді министр.

Стратегиялық жоспар 2025 жылға дейінгі экономикада және елдің әлеуметтік өмірінде орын алуы тиіс жеті маңызды жүйелік реформалардың айналасында құрылып отыр.

Мәселен, «Технологиялық жаңарту және цифрландыру» цифрландыру және инновация үшін инфрақұрылым қалыптастырудың есебінен экономиканы технологиялық жаңғыртуды көздейді.

«Бәсекелестік және бәсекеге қабілетті бизнес» жеке бизнес пен кәсіпкерліктің дамуы үшін жағдай туғызу есебінен жеке секторды жандандыруды, экономикадағы мемлекеттің рөлін төмендетуді, экспорттық әлеуетті дамытуды көздейді. Мемлекеттік меншіктің үлесін ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне – ІЖӨ-ден 15%-ға дейін төмендету үшін жекешелендіру бағдарламасының тәсілдері қайта қаралатын болады, рәсімдер жеңілдетілді, компанияларды іріктеу үшін айқын қағидаттар берілді және активтерді бәсекелестік ортаға берудің ықтимал әдістері кеңейтілді. Жеке бизнесті МЖӘ құралдарын пайдалануға тарту үшін МЖӘ рәсімдерін жеңілдету жөніндегі жұмыстар, сондай-ақ жеке инвестициялардың құралдарын көбейту және пайдалану жоспарлануда.

«Сыбайлас жемқорлықсыз құқықтық мемлекет» реформасының аясында мемлекеттегі заңды ұстану шартын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және құқықтық мәдениет қалыптастыру қаралуда.   

«Күшті өңірлер және урбанизация» реформасы өңірлердің дербестігін және жауапкершілігін арттыруға және барлық өңір тұрғындарының негізгі өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған. Өңірлерді дамыту үшін маңызды ынталандыру бизнес жүргізудің жеңілдігі бойынша рейтинг негізіндегі олардың арасындағы бәсекелестік болмақ. Сүлейменов бәсекелестік өңірлер үшін оқшаулануға себеп болмауы тиістігін, керісінше ресурстарды іздеу мен оңтайландыру бойынша өңіраралық қауымдасуды, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен хаб-қалаларындағы экономикалық белсенді орталығы бар бірыңғай экономикалық нарықтарды құруды күшейтуі тиістігін атап көрсетті.

Бәсекеге қабілетті, сындарлы, өз болашағы және болашақ үшін жауапты адамдардан біртұтас Ұлт қалыптастыру мәселесі «Қоғамдық сананы жаңғырту» реформасында қарастырылған. 

Бұдан басқа, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың және ұйымдардың елдегі өзгерістердің көзі ретіндегі рөлін арттыру мәселесі «Мемлекеттік сала өзгерістердің көшбасшысы ретінде» реформасының аясында қарастырылады.

Сондай-ақ 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар «Қазақстан 2050» стратегиясын жүзеге асырудың 7 басым бағытын қамтиды. Бұл үкімет жүзеге асырудағы және 2050 жылғы мақсаттарға қол жеткізу үшін жүзеге асыруды жалғастыра беретін саясат. Бұған ынталандырушы макроэкономикалық саясат; экономика салаларын қарқынды дамытуға бағытталған саясат; дамыған қаржылық нарық қалыптастыру саясаты; технологиялық серпілісті қамтамасыз ететін саясат; жоғары өнімді жұмыс орындарын және жоғары өмір сүру сапасын қамтамасыз ету саясаты; жасыл экономика және қоршаған ортаны қорғау саласындағы саясат; бастамашыл сыртқы экономикалық саясат жатады. 

«Жоғарыда аталған реформаларды жүзеге асырудың нәтижесінде экономиканың өсімі жылына орта есеппен 4,5-5,0% ІЖӨ деңгейінен кем болмауы тиіс, бұл Қазақстанның 2025 жылғы 18 500 АҚШ долл. дейінгі жан басына шаққандағы ІЖӨ деңгейінің өсімін қамтамасыз етеді. Жеке сектордың экономикалық белсенділігі едәуір өседі және шағын және орта кәсіпкерліктің ІЖӨ-дегі үлесі 35%-ға дейін ұлғаяды», - деді министр.  

Ол Стратегиялық жоспарды жүзеге асыру елімізге 2050 жылдық пайымға қол жеткізуге және әлемдегі ең дамыған отыз елдің одағына енуге мүмкіндік беретіндігіне сенім білдірді.

 

 





Яндекс.Метрика