Білім беру

Ақтөбе қаласы маңынан 600 орындық заманауи мектеп ашылды (ФОТО)

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова Сазды ауылдық округінде салынған Ш.Құдайбердіұлы атындағы №66 мектеп-гимназиясының ашылуына қатысты.
Ақтөбе 29 Қыркүйек, 09:56

Облыс әкімдігі  хабарлағандай,  аумағы шамамен 5 мың шаршы метр болатын жаңа оқу ғимаратында оқушылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, оқыту үшін барлық жағдай жасалған. 600 оқушыға есептелген мектепте интерактивті тақталар, мультимедиалық кабинеттері, спорт алаңдары бар.

«Елбасымыз Н.Назарбаевтың өзі заманымыздың тірегі - білімді ұрпақ екенін әрдайым айтып келеді. Тәуелсіздік жылдарының ішінде Ақтөбе облысында 120 мектеп салынды. Осы мектептен де бүгінгі форумның қонақтары сияқты белгілі адамдар шығатынына сенемін»,- деп атап өтті мемлекеттік хатшы.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарға қарата айтқан сөзінде ақтөбеліктерді бала тәрбиесі мен біліміне баса назар аударуға шақырды, ал оқушыларға білімге ынтамен ұмтылуға кеңес берді. Өйткені, мемлекеттің болашағы олардың интеллектуалды, мәдени және рухани дамуына байланысты.

«Қазақстан тәуелсіздігі жылдары ішінде мыңнан аса мектеп пен балабақша салынды. Назарбаев зияткерлік мектебі, Назарбаев университеті секілді бірегей білім беру мекемелері ашылды. Дарынды жастар мемлекет басшысының қолдауы арқасында еліміз бен әлемдегі мықты жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік алды. Осының барлығы елбасының сарабдал саясатының арқасы. Президент тапсырмасына сәйкес, өңірімізде білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын үнемі жақсартып отыру шаралары қабылдануда. Бұл - Ақтөбе облысында биылға ашылған он үшінші мектеп. Жыл соңына дейін тағы төрт мектеп пайдалануға берілетін болады. Барлығы 23 мектептің құрылысы жүргізілуде. Біздің мақсатымыз – 2020 жылға дейін үш ауысымдағы және апаттық жағдайда тұрған барлық мектепті жою»,-деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, Сазды ауылдық округінде болған ҚР мемлекеттік хатшысы балабақша мен дәрігерлік амбулаторияны қарап шығып, халқыпен кездесті.

 Г.Әбдіхалықова «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығына барған кезінде балалар үйінің түлектері мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайымен танысты. Бүгінде Қазақстанда баламасы жоқ кешенде 16-29 жас аралығындағы 90-ға тарта жас тұрады.

Аумағы үш гектар болатын жер телімінде алаңы 43 шаршы метрлік, жаңа жиhаздармен және қажетті коммуникациялармен жарақтанған жайлы пәтерлері бар екі қабатты төрт таунхаус салынған. Тәрбиеленушілер кешен аумағында орналасқан оқу-өндірістік алаңдар, шаштараз, гүл дүкені, жылыжай, аяқ киім жөндеу цехы мен тігін цехы жанынан кәсіпке оқытылып, еңбек тәжірибесінен өтеді және еңбегіне сай жалақысын ала алады. Жобаның инвесторы – оның жүзеге асырылуына 1,4 млрд. теңге бөлген «Сәби» жеке меншік қайырымдылық қоры болып табылады.

Мемлекеттік хатшы Есет батыр атындағы олимпиада резерві колледжінде, сонымен қатар, тек хоккейшілерді ғана емес мәнерлеп сырғанау мен шорт-тректен болашақ чемпиондарды даярлайтын «Олимп» жаңа хоккей модулінде болды. Айта кету керек, бұл Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында өңірде спорттың қысқы түрлерін дамыту үшін салынған алғашқы спорт ғимараты.

МЖС механизмі облыс аудандарында да қарқынды қолданылуда. Бүгінде өңірде жалпы құны 1,4 млрд. теңге болатын 20 ауылдық дәрігерлік амбулаторясы салынуда. 15 бала-бақша ашылды, жыл соңына дейін тағы 50 бала-бақшаны ашу жоспарланып отыр. Бұл балалардың 95% -ын мектепке дейінгі біліммен қамтуға және облыстың барлық аудандарындағы бала-бақша орындарының тапшылығын шешуге мүмкіндік береді. Өңірде жеке инвестиция көлемі 50 млрд. теңге болатын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен МЖС-нің 125 жобасы жарық көріп, бүгінде олардың 27-сі жүзеге асырылған.

Биыл «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 2,8 млрд теңгеге абаттандыру, құрылыс, әлеуметтік жобаларды қалпына келтіру бойынша қосымша 555 жоба іске асырылуда. Бүгінде 1,3 млрд. теңгеге 379 жоба жұмысын бастады.

 



 





Яндекс.Метрика