Ұлт жоспары 100 нақты қадам

Жауапкершілік пен толеранттылық Ұлттың басты құндылығына айналды – Д.Мыңбай

Ұлттың басты құндылығы – жауапкершілік пен толеранттылық. Бұл туралы Ұлттық музейде «Заманауи көпэтносты мемлекет: ұлттық модельдер мен даму стратегиялары» ғалымдар мен сарапшылардың халықаралық форумы барысында ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай мәлімдеді.
Астана қаласы 29 Қыркүйек, 09:34

Ұлттық  музейдің мәліметінше,  форумға ҚХР, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь елдерінен келген сарапшылар, сондай-ақ, халықаралық қатынастар саласындағы отандық танымал сарапшылар қатысып, сөз сөйледі.

Дархан Мыңбай алғы сөзінде, биылғы жылдың еліміз үшін ерекше жыл екенін айтып өтті.  

«Бірлігі бекем ел озады» деген халық даналығын ұстанған Тәуелсіз мемлекетіміз экономикалық жаңғыруды қолға алып, саяси жаңғыруды бастап, рухани жаңғыруға қадам басты. Күні кеше ғана жер жаһанды дүбірлетіп «EXPO-2017» Халықаралық көрмесін абыроймен өткіздік. Бүгінгі өткізіліп отырған Форум да сол маңызды шаралардың заңды жалғасы деп білемін», -деді Д.Мыңбай.

Сондай-ақ, Елбасымыздың Қазақстан халқы  Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің «Бейбітшілік пен келісімнің 25 жылы» фестиваліндегі: «Тәуелсіздіктің ең басты тірегі –  бейбітшілік пен келісім, тыныштық пен тұрақтылық.

Осының арқасында біз 25 жылда мемлекет құрдық, деңгейін көтердік, xалықтың әл-ауқатын жоғарылаттық. Ал Ассамблея – осы қасиетті тірегіміздің  мызғымас тұғыры» деп атап өткен болатын. Расында да, біз егемен ел ретінде өмір сүріп отырған жылдарда төрткүл дүниеге бірлігі жарасқан көпэтносты елді даудың да, жаудың да алмайтындығын паш етіп келеміз» деген сөзін тілге тиек етті.

Философия ғылымдарының докторы, Беларусь Республикасынан келген профессор М.А.Можейко аталған тақырып төңірегінде өзекті ой қозғап, мәдениеттің жаһандану заманындағы даму процестері жөнінде пікірін білдірді.

Форум жұмысының қорытындысы бойынша Қазақстанда да, әлемде де мәдени әртүрлілік пен мәдениетаралық  диалогты сақтау және кеңейту бойынша практикалық ұсыныстар тұжырымдалды. 





Яндекс.Метрика