Инвестициялар

«WestKazInvest-2017» форумы ең батыл жобаларды іске асыруға көмектеседі - әкім

Оралда «WestKazInvest-2017» IV халықаралық инвестициялық форумы өтті, оған 500-ден астам бизнес өкілі, әлеуетті инвестор-компаниялар, ұлттық компаниялар, даму институттары мен мемлекеттік басқару органдары, халықаралық бизнес топтардың, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, шетелдік және қазақстандық әріптестер қатысты.
Батыс Қазақстан28 Қыркүйек , 17:52

Облыс әкімдігінде хабарлағандай, Форумды өткізудің мақсаты - іс-шара қонақтарын Батыс Қазақстан облысының экономикалық табыстарымен, инвестициялық әлеуетімен және инвестициялық жобаларымен таныстыру. 

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов «WestKazInvest-2017» ең батыл жобаларды іске асыруға көмектесетінін мәлім етті. 

«Биыл біз өңіріміз үшін маңызды болып табылатын агроөнеркәсіп кешенін және мұнай-газ секторын дамытудағы инновациялық әдістерді қолдану сияқты бағыттарға баса назар аударып, қаржы ұйымдарының бизнесті қолдау құралдарына, бизнес пен мемлекеттік сектордағы жаңа технологияларды қолдануға, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыруға көңіл бөлдік. Елбасы осы мәселелерге үлкен көңіл бөлуде. Сонымен бірге, Президент Н. Назарбаев өзінің "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" Жолдауында қолайлы бизнес-климаттың дамуына және инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасауға баса назар аударды. Инфрақұрылымның жақсаруы сауда қатынастарының дамуына да оң әсер етеді. Біздің өңіріміздің ЕАЭО өңірлерімен тауар айналымы  330 млн АҚШ долларын, соның ішінде Ресеймен 310 млн құраған», - деді әкім. 

Сондай-ақ, ол бүгінде өңірде 230-ға жуық бірлескен кәсіпорын мен 400 шетелдік компания сәтті жұмыс істеп жатқанын атап өтті. 

IV-го Халықаралық инвестициялық форум аясында үш панельдік сессия өткен. Сондай-ақ Форум алаңында Батыс Қазақстан облысы мен Орынбор облысының кәсіпкер әйелдерінің, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің іскерлік кездесуі өтті.  

«WestKazInvest-2017» халықаралық инвестициялық форумын өткізу аясында тартылған инвестициялар сомасы  6 млрд теңгені құрады. 

Әкімдіктің мәліметі бойынша, 3,6 млрд теңге сомасына екі шартқа қол қойылды. Сондай-ақ 1,5 млрд теңге сомасына тұжырымдамалық келісімге қол қойылды. "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" мен Батыс Қазақстан облысының әкімдігі арасындағы меморандумға қол қойылды. 

Форум аясында "Қазақстан-Ресей. Өңірлердің шекара маңы ынтымақтастығы" көрмесі өтті. Оған Қазақстан мен Ресейден 100-ден астам қатысушы қатысты. 

Орынбор облысының Қазақстан Республикасындағы негізгі сауда әріптесі Батыс Қазақстан облысы болып табылады. Бұдан бөлек,  «WestKazInvest-2017» форумының бірінші күнінде Орынбор облысының ресми делегациясы Орал қаласының өнеркәсіптік және сауда объектілері мен кәсіпорындарын аралады.  




Яндекс.Метрика