Рухани жаңғыру

Ақтөбе облысында қуаттылығы 700 МВт электр станциясы салынады

Ақтөбеде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер» республикалық форумы өтіп жатыр.Әлемнің 21 елінен 300-ге жуық жерлестерімізді жинаған шараның ресми ашылуында жалпы сомасы 80 млрд. теңгені құрайтын бірқатар меморандумға қол қойылды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ақтөбе 28 Қыркүйек, 16:36

Бүгінгі таңда Ұлыбритания, Германия, Ресейде және өзге елдерде тұратын, шетелдік бизнес құрылымдарының Ақтөбе өңірінен шыққан  басшылары мен облыс әкімдігі арасындағы келісімдер негізінде өңірде бірқатар ерекше өндірістер тұрғызылатын болды.

Атап айтқанда, «Ақтөбе-ТермоКокс» ЖШС мен 700 МВт электр станциясын салу және қоңыр көмір кенін игеру жөніндегі ірі жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізілді. Жалпы құны 48 миллиард теңге тұратын ірі жобаны жүзеге асыру арқылы аймақтағы электр энергиясының тапшылығын толтыруға және сонымен қатар 400-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады.

Сондай-ақ, 26 млрд. теңге көлемінде инвестиция тарту арқылы жел генераторларын, қалақ жасайтын, металл мұнараларды жинақтайтын зауыт құрылысын бастау арқылы 500 жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Бұл жоба «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен байланысты және жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді.

Ресейлік кәсіпорындармен де бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Айталық, «СТИМ» және «Әдемі» ЖШС тоқыма бұйымдарының өндірісін қалпына келтіруге ниетті. Ресей Федерациясының ең ірі тоқыма кәсіпорындары құрылтайшыларының бірі Юрий Бакланов Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Кәсіпкердің бастамасы бойынша, «Әдемі» ЖШС базасында тоқыма бұйымдарының бос тұрған өндірісін қалпына келтіру жоспарланып отыр. Бұрын оның анасы осы цехтың басшысы болып қызмет істеген екен.

«Ақтөбе жерлестігі» ӨҚҰ атқарушы директоры Сергей Воробьев облыс әкімдігінің қолдауымен Байғанин және Қарғалы аудандарында кен орындарын игере отырып, контейнерлік типтегі цемент зауытын салғысы келеді. Цемент өндірісі шикізатқа импорттық тәуелділікті  болдырмайды және «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы облыстың құрылыс индустриясының дамуына серпін береді деп күтілуде.

«Energyprom» ЖШС инновациялық зерттеулерді, атап айтқанда өңірдегі  өнеркәсіптік кәсіпорындардың барлық салаларында пайдалануға арналған өндірістік электр қозғалтқыштарын енгізуді жоспарлауда.

Сондай-ақ, Ақтөбе облысынан шыққан іскер азаматтар жол бойында қызмет көрсету мен басқа да әлеуметтік салаларды дамытуға барынша үлес қоспақ.

 





Яндекс.Метрика