Рухани жаңғыру

«Рухани жаңғыру»: Қазақстан өңірлері Ақтөбе облысының тәжірибесін үйренуде

Қазақстанның бірқатар министрліктерінің вице-министрлері, Астана мен Алматы қалаларының және өзге облыс әкімдерінің орынбасарлары мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша тапсырмаларының орындалу барысымен таныспақ ниетте Ақтөбе қаласына келді, деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ақтөбе 28 Қыркүйек, 12:16

Жұмыс бағдарламасы барысында делегация «Туған жер» республикалық форумының ашылуына қатысады. Мұндай шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр және Ақтөбе облысының  21 елден келетін 300-ден астам табысты тумасын жинайды.

Өңірлер мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері Ақтөбеде екі күн бойы жұмыс істейтін болады.

Олар «Туған жерге тағзым» акциясы аясында салынып жатқан «Жұбановтар әлемі» мұражай үйінің құрылысы барысымен танысады деп күтілуде. Мұнда Ғазиза, Ахмет, Құдайберген Жұбановтардың жеке мұрағатынан алынған әдеби және музыкалық туындылары сақталады.

Делегация сондай-ақ, «Денсаулық саябағында» да болады. Демалыс саябағын салу - облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасы және ол медициналық қоғамнан белсенді қолдау тапқан. Саябақ аумағында 1500-нан аса ағаш пен бұталар отырғызылып, турник алаңдары, веложол, футбол алаңдары, үстел теннисі, субұрқақ орнатылған. Ағаштардың дені алыс-жақын шетелден келген қонақтардың, отандық медицина саласының үздіктері, белгілі адамдардың қолымен отырғызылыпты.

Бұдан өзге, қонақтар ҚР Президенті  кубогына арналған дзюдодан халықаралық турнирдің ашылуына қатысып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жоба кеңсесінің  жұмысымен танысады. Олардың назарына «Қазақстанның жүз жаңа тұлғасы» арнайы жобасының көрмелері, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» композициялары және т.б. ұсынылады.

Сонымен қатар, өңірде «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы шеңберінде жүргізіліп жатқан «Рухани жаңғыру», «Жүз жаңа оқу құралы» кабинеттерінің қызметі, латын әріпіне ауысуға байланысты түсіндірме жұмыстары таныстырылмақ.

Республикалық семинар-кеңесте «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың өзекті мәселелері талқыланатын болады.

 

 

 





Яндекс.Метрика