Рухани жаңғыру

Ақтөбе облысында «Туған жер» форумы аясында бірегей 25 ота жасалады

Ақтөбе облысында «Туған жер» республикалық форумы аясында 25 бірегей медициналық операциялар жасалады.Форумға ат салысу үшін Ақтөбеге ондаған белгілі профессорлар мен дәрігерлер келді.
Ақтөбе 28 Қыркүйек, 11:32

Облыс әкімдігі  хабарлағандай,  олардың арасында Қазақстанның жетекші нейрохирург дәрігері, Ұлттық нейрохирургия орталығының басшысы Серік Ақшолақов пен республикалық трансплантация орталығының басшысы Жақсылық Досқалиев және басқалары бар.

Шара қонақтарының арасында өңірдегі денсаулық сақтау саласының мемлекеттік-жекеменшік және стратегиялық дамуындағы серіктестері болып табылатын АҚШ, Оңтүстік Корея, Израиль, Ресей шетел азаматтары да аз емес.

Форум қарсаңында 15 бірлескен күрделі операция жасалып, медицина қызметкерлерін жаңа инновациялық технологияларға оқыту бойынша семинарлар өткізілді.

Атап айтқанда, академик Жақсылық Досқалиев туған жері - Алға ауданында өт жолдарының кінараты бар науқастарға үш күрделі ота жасады, бауыр ауруларының ауыр белгілері бар науқастарға кеңестер берді. Оларға медицина кластерінің көппрофильді ауруханасы жанынан экстирпация және өңешті пластикамен қайта тігу бойынша төрт жоғары технологиялық операциялар жасалды.

Алматыдағы ҚазҒЗИ кардиологиялық клиникасының профессоры Сәлім Беркінбаев бастаған оташы-хирургтер тобы сегіз кешенді операция жасады.

«Ақтөбеде орасан зор шара ұйымдастырылып отыр. Бұл форум өте маңызды және мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға негізделген. Осында туып-өскен перзенттерге туған жеріне деген парызын орындауға мүмкіндік туып отыр. Біз батыс аймағында алғаш рет бауырға өлік трансплантациясы арқылы бірегей операция жасадық. Оңтүстік Кореядан келген әріптестерімен бірге 12 жастағы балаға туыс донордан бауыр қондыру жоспарлануда. Еліміздің игілігіне жұмыс істейтін  Қазақстандағы алғашқы медициналық кластердің осы жерде құрылғаны қуантады», - деді академик Ж.Досқалиев.

Жалпы, форум барысында 25-тен астам кешенді және жоғары технологиялық операциялар мен 14 семинар өткізу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, денсаулық сақтау саласында құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын үш меморандумға қол қойылады.

Ақтөбе облысы Батыс Қазақстан аймағы бойынша жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету орталығына айналу мақсатын ойдағыдай іске асыруда.

Осы мақсатта денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға байланысты шаралар қабылданып, медициналық кластер құрылды. Кластерге қарасты ірі медициналық-профилактикалық мекемелерде республикада теңдесі жоқ бірегей хирургиялық операциялар жүргізіледі. Өңірде денсаулық сақтау саласын жетілдіруге, материалдық-техникалық базаны жақсартуға және медициналық көмектің заманға сай болуын қамтамасыз етуге бағытталған нақты шаралар жүзеге асырылуда.

Ағымдағы жылы облыстық туберкулезге қарсы жаңа диспансердің құрылысы басталды, IV дәрежелі  медициналық көмекті санитарлы авиацияның облысаралық орталығын құру туралы шешім қабылданды.





Яндекс.Метрика