Халықаралық интеграция

Қазақстан мен Армения арасындағы сыртқы сауда айналымы 32 пайызға артты

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің Ереван (Армения) қаласына сапары аясында сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Армения Үкіметаралық комиссиясының 7-ші отырысы өтті.
Нұр-Сұлтан28 Қыркүйек , 10:13

ИДМ  хабарлағандай,  қазақстандық тарапты Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров, армян тарапын Армения Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роберт Арутюнян басқарды.

Тараптар Қазақстан-Армения Үкіметаралық комиссиясы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылайтын және шешетін алаң болғанын атап өтті. Қол жеткізілген келісімдер үкіметаралық құжаттар мен бірлескен іс-шараларда айқын көрініс тауып отыр.

Үкіметаралық кеңес отырысында сауда, инвестиция, ауыл шаруашылығы, ғылым, көлік, мәдениет және басқа да салалар бойынша екіжақты ынтымақтастық мәселелелрі талқыланды.

Тараптар өзара сауда өсімінің оң динамикасы барын атап өтті. Егер, 2016 жылы Қазақстан-Армения сауда айналымы 8%-ды құраса, 2017 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Армения арасындағы сыртқы сауда айналым 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38%-ға артып, 2,6 млн. АҚШ долларын құрады. 

ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров қолда бар мүмкіндік пен әлеует толққанды пайдаланылып отырмағанын атап өтті. Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты мақсатты түрде жандандырып, екі елдің бизнес-ортасын тікелей байланыстыратын шаралар қабылдау керектігін айтты.

Негізгі күшті өзара экспортты ілгерілетуге, экспорттық-импорттық тауар тізілімін кеңейтуге жұмсау қажеттігі айтылды.

Мысалы, Қазақстанда тәуелсіздік жылдары жаңа өндірістер пайда болды, жұмыс істеп тұрған зауыттар жаңғыртылды. Бізде халықаралық сапа стандартына сай келетін жаңа өнімдер шығарылып,  алыс және жақын шет елдерге сәтті экспортталуда. 

Тараптар Қазақстан мен Армения нарығына өзара тауар шығару мәселелерін пысықтау мақсатында екі мемлекет аумағы бойынша теміржол көлігімен жүк ағынын дамыту мүмкіндігін жасауға келісті.

Сонымен қатар, мәдени-гуманитарлық және ғылым салалары бойынша өзара қарым-қатынас қарқынды дамуда.

Тараптар келесі Үкіметаралық комиссия отырысын 2018 жылы Астана қаласында өткізуге уағдаласты.

Үкіметаралық отырыстың қорытынды хаттамасына Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Армения Республикасының экономикалық даму және инвестиция министрі Сурен Караян қол қоятын болады.

Айта кетейік, 2016 жылы сыртқы сауда айналым – 5,4 млн.долл., өсім 8% (5,0 млн.долл.). Экспорт – 0,6 млн. долл., төмендеуі 21,8%-ға (0,7 млн.долл.).Импорт – 4,8 млн. долл., өсім 13% (4,3 млн.долл.).

2017 жылдың 7 айындағы тауар айналым  2,6 млн. долл., өсім 37,9%, (1,9 млн.долл.). Экспорт 0,6 млн. долл., 4 есеге артты  (0,1 млн.долл.).Импорт– 2,0 млн. долл., өсім 13,8% (1,7 млн.долл.).

2017 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша, Қазақстанда  армяндықтардың қатысуымен филиалдар мен өкілдіктерді қосқанда 268 заңды тұлға тіркелген. Олардың 174-і жұмыс істейді.

2005 жыл мен 2017 жылдың 1 тоқсаны кезеңінде Арменядан Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестиция 1,0 млн. долларды құрады. Ал, кері инвестиция 43,3 млн. долларды құрап отыр.

 




Яндекс.Метрика