Халықаралық интеграция

Ақтөбеде сандық медицина орталығы ашылады

Ақтөбе облысында ақпараттық-байланыс технологияларын өңірдің сандық денсаулық сақтау жүйесіне трансферттеудің инновациялық жобасын жүзеге асыру жалғасуда.
Ақтөбе27 Қыркүйек , 17:32

Облыс әкімдігінің  баспасөз қызметі хабарлағандай,   өңір басшысы Бердібек Сапарбаев құрамында Кореяның денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, сонымен қатар, «Kорея Tелеком» корпорациясы, Пусан ұлттық университетінің госпиталі, Пусан технопаркінің өкілдері бар кореялық консорциумның делегациясымен кездесті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы қарашада Кореяға мемлекеттік сапары барысында қол қойылған Ақтөбе облысының сандық денсаулық сақтау жүйесіне ақпараттық-байланыс технологияларын трансферттеу бойынша инновациялық қызметтегі халықаралық ынтымақсатық туралы меморандум аясында аймақта ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Қазақ-кәріс инновациялық-өндірістік консорциумы жобаны жүзеге асыруға осы жылдың басында кірісті. Бұл мақсатқа Корея республикасының үкіметі  бес жыл жүзеге асыру мерзімімен 40 млн АҚШ долларынан астам грант бөлді.

Кездесу кезінде облыс әкімі Оңтүстік Корея үкіметіне жобаны жүзеге асыруда қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

«Мемлекет басшысы бізге дамыған 30 елдің қатарына кіру міндетін қойып отыр, біз бұл міндетке тек білімді, салауатты азаматтармен ғана қол жеткізе аламыз. Осыған байланысты медициналық кластерді дамытып, Кангнам Северанспен тығыз байланыстамыз. Бірлескен жұмыстардың арқасында өңірде бүйрек алмастырудың 29, бауыр  алмастырудың тоғыз бірегей операциясы жасалды. Облыста сондай-ақ, сандық технологияларды енгізудің ең тиімді шаралары да қабылдануда»,-деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Жыл басынан бері Корея жағы Ақтөбе қалалық емханаларына медицина саласына цифрлық технологияларды енгізіп, скринингті қашықтан өткізу үшін шығыс материалдары бар төрт медициналық құрал-жабдықтар жиынтығын жеткізді.

Корейлік серіктестер тоқсан сайын қан анализаторлары, зәр және ультрадыбыстық аппараттардың екі түрі үшін жоғары технологиялық жабдықтарды пайдалану, сондай-ақ инновациялық скрининг әдістерін бейімдеу және тестілеу бойынша  оқудан өткізіп, шеберлік сабақтарын жүргізеді.

Кореяның денсаулық сақтау министрлігінің денсаулық сақтаудың жаһандық сұрақтары бойынша бөлімінің директоры Хьюн Ги Пак ынтымақтастық нәтижесінде жүзеге асырылған ең маңызды жоба – сандық медицина орталығының ашылуы екенін атап өтті.

Кездесу барысында инновациялық жобаның жүзеге асырылуына, сандық денсаулық сақтауды дамытуға, «Сандық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарына, соның ішінде инновациялық технологияларды Ақтөбе агломерациясының «Ақылды қала - Smart City» жүйесі ұйымына трансферттеуге байланысты сұрақтар қаралды.

Бұл жобалар Корея үкіметі, Корей ұлттық университеті, госпитальдер мен өндірістік компаниялардың қолдауымен жүзеге асырылатын болады.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.




Яндекс.Метрика