Парламент

Мәжіліс Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы заң жобасын мақұлдады

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары "Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының заң жобасын мақұлдады.
Нұр-Сұлтан27 Қыркүйек , 11:44

Заң жобасымен таныстырған ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин заң жобасына 2016 жылғы 25 қазанда ҚР Елбасының Сауд Арабиясына ресми сапары барысында Бас прокурор қол қойғанын мәлім етті. 

Атап айтқанда, құжатта сотталған адамдарды бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын одан әрі өз отанында өтеу үшін екі мемлекет арасында ауыстыру мүмкіндігімен байланысты мәселелер реттеледі. 

«Яғни, егер Қазақстан Республикасының азаматы Сауд Арабиясында қылмыс жасап, бас бостандығынан айырылса, ол осы жазасын белгілі бір келісім жағдайларында өз отанында өтейді. Дәл осылайша, Сауд Арабиясының азаматы да Қазақстанда бас бостандығынан айырылған жағдайда өз жазасын отанында өтей алады. Келісімге сәйкес, сотталған адам ауыстырылатын елдің азаматы болып табылса, барлық жағдайларда ауыстырылады; сотталған адам кез келген талап рәсімдеріне тартылмайды», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Оның айтуынша, сот үкімі шыққан қылмыс үшін екі мемлекетте де бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Екі мемлекет те ауыстыруға келіседі.    

«Егер тараптардың біреуі сотталған адамды беру оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртіпке зиян келтіреді немесе елдің заңнамасына қарама-қайшы келеді деген шешім қабылдаса, сотталған адамды беру жүзеге асырылмайды. Бұл келісім типтік болып табылады, осыған ұқсас келісімдерді біз Қытай, Түркия, Венгрия, Испания, Италия, Румыния, Сербия, Иран және Литвамен жасаған болатынбыз», - деп атап өтті А. Лукин.

Андрей Лукин айтып өткендей, елден тыс бас бостандығынан айыру жерлеріндегі біздің отандастарымыз өздерінің туыстарымен, жақындарымен кездесіп, қажетті заттарының жеткілікті көлемін алу мүмкіндігіне үнемі ие бола бермейді, себебі бұл қаржыны талап етеді және тіл кедергісі орын алады.  

ТМД аясында сотталғандарды беру бойынша осы жұмыс 1998 жылғы 3 наурызда қабылданған "Сотталғандарды беру туралы" Мәскеу конвенциясы негізінде іске асырылады. 

«Қазір Иордания, Бразилия, Монғолия, Оңтүстік Корея және БАӘ-мен ұқсас келісімдер жасау мүмкіндігі туралы мәселе пысықталуда. Жалпы, Келісім жазаларын шет елдерде өтеп жатқан қазақстандық азаматтарды қорғауға бағытталғандықтан, адамгершілік сипатқа ие», - деді спикер. 

Мәжіліс депутаттары осы заң жобасын бірауыздан мақұлдады. 

 

Ақбота Күзекбай




Яндекс.Метрика