АШК – Қазақстан экономикасының драйвері

Сенаторлар Қостанайда аграрлық сала мәселелерін талқылады

Парламент Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті агроөнеркәсіп кешені нысандарын субсидиялау мәселелері бойынша Қостанайда көшпелі отырыс өткізді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Қостанай 26 Қыркүйек, 18:18

Комитет төрағасы Жеңіс Нұрғалиев отырысты аша келіп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру қажеттігі туралы айтқанын еске салды.

Ж. Нұрғалиев өз сөзінде саланың жағдайына талдау жасады. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің көпшілігі салық салу, субсидиялау жөніндегі жаңадан енгізілген ережелерді біле бермейді, оның соңы мемлекеттік тұрғыда қабылданған шараларға көңіл толмастығына әкеліп соғады.

Сенатор атап өткендей, бұл салалық министрліктің жергілікті билік органдарындағы тиісті құрылымдармен заңнаманы түсіндіру жөніндегі қалыптасқан жұмыстардың жоқтығын көрсетеді. Сондай-ақ Сенат депутаттарының аймақтарда ауыл еңбеккерлерімен кездесулерінде көтерілетін мәселелер де айтылды.

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің өкілдері субсидиялау мен салық салу мәселелері бойынша олқылықтарды көрсетіп отырады. Ж.Нұрғалиев бұл жағдайда ауыл шаруашылығы органдарымен қатар салық органдары да ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек деп санайды.

Отырысқа қатысушылар алдында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов, ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов, мемлекеттік органдардың өкілдері, ауыл шаруашылығы мекемелерінің басшылары сөз сөйледі.

Шараға сенаторлар Аңсар Мұсаханов, Бекмырза Еламанов, Мұхтар Жұмағазиев, Дүйсенғазы Мусин, Әбдәлі Нұралиев қатысты. Сенат комитетінің төрағасы Ж. Нұрғалиев отырысты аяқтай келіп, айтылған өзекті мәселелер мен ұсыныстар Парламенттің және ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысында пайдаланатынына сенім білдірді. Сапар аясында парламентшілер Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовпен кездесіп, аймақты дамыту жоспарымен танысты.

 А. Мұхамбетовтің айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы үшін өнімді жыл болды. Егін жинау науқаны барысында 5 миллионға жуық астық жиналды. Жаңғыруға және өнім өңдейтін жаңа өндірістің көбеюіне байланысты ауқымды мүмкіндіктер ашылып отыр. Депутаттар Рудный қаласында болып, «Жас қанат – 2006» ЖШС құс фабрикасының жұмысымен танысты. Кәсіпорын басшысы Қайрат Майышев экологиялық тұрғыда таза өнімдерді, жұмыртқа мен ет өндіруді қамтамасыз ететін өндірісті дамыту туралы айтты.

Өндірісті жаңғырту жөніндегі жоба аясында алдыңғы қатардағы еуропалық өндірістің технологиялық жабдықтары қойылып, құс саны мен еңбек өнімділігін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Парламентшілер сондай-ақ «Соколов-Сарбай кен байыту өндіріс бірлестігі» АҚ карьерлерінің бірінде де болды.

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесу барысында депутаттар ғылыми жетістіктер мен инновацияларды ауыл шаруашылығы саласына енгізу мәселелерін қарастырды. Университет жанында құрылған агротехнологиялық хабтың келешегіне ерекше назар аударылды. Сапар бағдарламасында аймақтағы бірқатар кәсіпорындардың басшыларымен және еңбек ұжымдарымен кездесулер де бар.
 





Яндекс.Метрика