EXPO-2017

25 ақтөбелік кәсіпорын ЭКСПО технологияларын енгізуде

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ұйғарымымен Ақтөбе облысы ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылған инновацияларды жүзеге асыруға қолайлы жетекші аймақтардың бірі болып танылды. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов мәлім етті.
Ақтөбе 26 Қыркүйек, 15:17

Оның сөзіне қарағанда, көрме жұмыстарымен танысуға облыстағы ірі кәсіпорындардың 92 өкілі барған.

«Олар инновациялық технологияларды егжей-тегжейлі зерттеп, бастамашыларымен келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде, 25 ақтөбелік кәсіпорын Астанада ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылған жалпы құны 43 млрд. теңгені құрайтын технологияларды өз өндірістеріне енгізбек», - деді әкімнің орынбасары.

Бұл технологияларды қолдану аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға, энергияны пайдалану тиімділігіне және еңбек өнімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді деп күтілуде.

Облыс әкімі осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

«ЭКСПО-2017-де көрсетілген технологиялардың, жаңалықтардың өңірді дамытуға үлкен әсерін тигізетін мүмкіндігі бар. Оларды экономиканың түрлі салаларына, соның ішінде тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығына кеңінен енгізу қажет», - деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Жалпы, EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне Ақтөбе облысының 136 мың тұрғыны қатысқан. Бұл іс-шара соның ішіндегі 14 мың оқушының әрі қарай білім алуға және ғылыми жұмыстармен айналысуға ынта-жігерін арттырды.

Айта кетейік, ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылған жаңа технологияларды қолдану мәселесі 12-13 қазанда «ЭКСПО-2017: өңірлердің дамуына жаңа серпін» атауымен өтетін «Ақтөбе-Инвест-2017» дәстүрлі форумы барысында болашақ инвесторлармен талқыланатын болады.

 





Яндекс.Метрика