Экономика

АХҚО биржасы NASDAQ және Шанхай қор биржасымен ынтымақтастық жасайды

АХҚО биржасы әлемнің ең ірі биржаларының бестігіне кіретін стратегиялық әріптестер NASDAQ және Шанхай қор биржасымен бірлесіп құрылады.
Нұр-Сұлтан25 Қыркүйек , 11:13

АХҚО баспасөз қызметінде хабарлағандай, Шанхай қор биржасымен акционерлік келісім жасалды, оған сәйкес, Шанхай қор биржасы АХҚО жаңа биржасының стратегиялық әріптесі мен акционеріне айналады.

АХҚО мен ШҚБ арасындағы ынтымақтастық «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жаһандық бастамасы аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығын қаржылық қызметтердің өңірлік хабы ретінде ілгерілетуге бағытталған.

Шанхай қор биржасы АХҚО-ға әлемдік стандарттарға сәйкес келетін жоғары технологиялық биржа құруға жәрдемдеседі. Нәтижесінде, бұл инвесторлардың жергілікті және халықаралық базасын тартып, кеңейте түседі, Қазақстанда және Орталық Азия өңірінде капитал нарықтарының дамуына серпін береді.

Шанхай қор биржасы биржалық индустрияның әлемдік көшбасшыларының бірі болып табылатынын айта кеткен жөн.

Сондай-ақ америкалық NASDAQ биржасымен жоғары технологиялық сауда тұғырнамасын енгізу жөніндегі келісімге қол қойылды. АХҚО биржасы бизнесті жүргізу үшін өнімділік пен кең функционалдық мүмкіндіктерді үйлестіретін Nasdaq Matching Engine өтінімдерінің мәліметтерін және өңдеу жүйесін пайдаланады.

Nasdaq қаржы тұғырнамасын пайдалана отыра, АХҚО биржасы операцияларды стандарттауға мүмкіндік беретін инновациялық технологиялармен жұмыс істейтін болады. Nasdaq биржалық технологиялары Америка, Еуропа, Азия, Австралия, Африка, Таяу Шығыс және Кариб бассейні елдерінің 90 нарығында қолданылуда.  

Nasdaq Matching Engine – бұл тиімді өнімділік пен бизнес үшін кең функционалдық мүмкіндіктерді үйлестіретін әлемдегі ең таралған сауда жүйесі. Сондай-ақ Nasdaq АХҚО биржасына техникалық қолдау көрсетуін де жалғастыратын болады.

Еске сала кетейік, «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. АХҚО құру туралы конституциялық заңға 2015 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылған. АХҚО мақсаты – халықаралық деңгейдегі қаржы қызметтерінің жетекші орталығын қалыптастыру. АХҚО міндеттері ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, қаржы қызметтері саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру, құнды қағаздар нарығын дамыту болып табылады. 




Яндекс.Метрика