Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығы

С.Жұбаев: Өзбекстан мен Қырғызстанның арасындағы мәселе жайлап шешімін табуда

Өзбекстан мен Қырғызстанның арасындағы мәселе жайлап шешімін табуда, деп мәлімдеді сарапшы, экономика ғылымдарының кандидаты Сапар Жұбаев «Стратегия» пікірталас клубының «Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығы» тақырыбындағы кезекті отырысында.
Нұр-Сұлтан22 Қыркүйек , 17:35

«Күні бүгінге дейін Өзбекстан Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстан ердерімен жабық саясат жүргізіп келді. Өзбекстан тек Қазақстанмен визасыз жұмыс істейді. Жалпы, Тәжікстандағы азаматтық соғыс Өзбекстанға өте кері әсер еткен болатын. Өзбекстанның «Ислам қозғалысы» деген күшті оппазициясы болатын, Өзбекстан билігінің аталмыш оппазицияның Тәжікстан мен Түрікменстан, Қырғызстан елдерінде бөлімшелері бар деген күдігі болатын, сондықтан билік олармен байланысты толығымен үзіп тастады», - деді сарапшы.

Сонымен қатар, ол Өзбекстанға келген жаңа президенттің саясаты аталмыш елдің алдында үлкен мүмкіндіктердің бетін ашып жатқанын тілге тиек етті.

«Күні бүгінге дейін Өзбекстанда Қамбар ата су қоймасы мәселесі шешілмей келген болатын. Енді, Өзбекстан мен Қырғызстан бір келісімге келіп отыр. Бұдан былай, Өзбекстан қыста Қырғызстанға электр энергиясын берсе, жазда Қырғызстан оларға су жіберетін болады. Осылайша екі ел арасындағы мәселе жайлап шешімін табуда. Жалпы, осы тұрғыда байланыстар одан ары дами түседі деген ойдамын»,- деп сарапшы оң болжам жасады.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының аға ғылыми қызметкері Қазыбек Майгельдинов «Стратегия» пікірталас клубының «Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығы» тақырыбындағы кезекті отырысында Орталық Азияда саяси тұрғыда көптеген мәселелер шешілмеген деп мәлімдеген болатын.

Атап өтер болсақ, бағдарламаның онлайн көрсетілімі «Strategy2050.kz» АА сайтында, агенттіктің Youtube-каналында және Facebook парақшасында жүріп жатыр.

Мөлдір Асқарқызы




Яндекс.Метрика