Ұлтаралық бірлік

«Сұхбат» жобасы Жібек жолының кеңістігіне шықты – Д.Мыңбай

Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы қаласында «Жібек жолындағы сұхбат. Соғыссыз әлем» атты халықаралық конференция өткізуде.
Нұр-Сұлтан 22 Қыркүйек, 18:17

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Дархан Мыңбай, «Жібек жолындағы сұхбат» халықаралық жобасының жетекшісі, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, ақын, Қазақстанның халық жазушысы  Олжас Сүлейменов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Орталық Азия, Ресей және Қытай елдері мемлекеттік органдарының, шығармашылық және гуманитарлық зиялы қауымының өкілдері, халықаралық срапшылар, ҚХА және этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.

«Бүгін біз кезекті, 11-ші «Жібек жолындағы сұхбаттың» жұмысын бастап отырмыз. Жоба Орта Азиядағы ой-өрісі биік парасатты азаматтардың басын 11-ші рет қосып отыр. Осындай топ өкілдерінің ашық әңгіме форматында кездесуіне, Орта Азиядағы өзекті мәселелерді талқылап, сол бойынша шешім табуға Қазақстан халқы Ассамблеясы септігін тигізіп жатқаны қуантады. Кішігірім кездесулерден бастау алған, қоғамдағы көкейкесті мәселелер талқыланатын «Жібек жолындағы сұхбаттар» осы уақыт аралығында Орта Азиядағы маңызды диалогтық алаңшаға айналды. Ең алғашқы «сұхбат» барысында айтылған армандар мен идеялар бүгін жүзеге асты деп батыл айтуға болады. Жоба Жібек жолының барлық жазығын қамтыды», - деді Дархан Мыңбай.

Конференция барысында халықтардың өткендегі тәжірибесі мен Ұлы Жібек жолының бітімгершілік дәстүрлерін ескере отырып, заманауи жаһандық сын-қатерлер мен олардың шешімін табу тақырыбы талқыланды. 

Сонымен қатар, конференция шеңберінде ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан аса құнды көне кітаптар көрмесі және «Ұлы Жібек жолы тарихындағы және заманауи бітімгершілік» панельдік пікір алмасу  өтті.

ҚХА баспасөз қызметінен хабарлағандай, конференцияның серіктестері Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы, «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі» РМКК, ҚР Ұлттық кітапханасы жанындағы М.О.Әуезов ғылыми кабинеті, «Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуметтік консорциумы» қоғамдық қоры болды.

Атап өтер болсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының халықаралық мәдениеттанушылық жобасы «Жібек жолындағы сұхбат» 2007 жылдан бастап жыл сайын Орталық Азия өңірі елдерінің қатысуымен өткізіліп келеді.  

Жобаның мақсаты – Орталық Азия өңірі елдері мен халықтарының арасындағы жан-жақты байланыстардың жаңғыруы мен нығаюына ықпал ету.   





Яндекс.Метрика