Үкімет

ҚР-ның энергетика саласына енгізу үшін «ЭКСПО-2017» жүзден астам технологиясы іріктеліп алынды

ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясы барысында ҚР энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев Экспо-2017 технологияларын Қазақстанның энергетикалық секторына енгізу жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлады primeminister.kz.
Нұр-Сұлтан22 Қыркүйек , 16:38

М. Мырзағалиев хабарлағандай, Энергетика министрлігі қазіргі таңда «ЭКСПО» көрмесінде ұсынылған шетелдік жетекші технологияларды Қазақстан экономикасына енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Бұл үшін «ҚазМұнайГаз», «ҚазТрансГаз», KEGOC және басқа да ұлттық компаниялардың 40-тан астам жетекші сарапшыларынан, сондай-ақ энергетиканың түрлі секторларының сарапшы-талдаушыларынан, министрлік пен ведомствоға қарасты құрылымдардың өкілдерінен құрылған сараптамалық жұмыс тобы құрылған.

Жұмыс тобының өкілдері көрменің барлық павильондарында болып, халықаралық павильондар ұсынған жаңа технологияларды бағалады. Осы бағалау жұмыстарының нәтижесінде Австрия, Германия, Нидерланды, Ресей, Финляндия секілді елдердің 105 технологиясынан тұратын тізім құрастырылды.

Технологиялар ерекшеліктеріне байланысты төрт бағытқа бөлінген:

мұнай және газ — 27 технология,

көмір және атом өнеркәсібі — 5 технология,

электр энергетикасы, энергия үнемдеу және ЖЭК — 44 технология,

экология, соның ішінде қалдықтарды басқару, су тазалау, ауа сапасын бақылау — 29 технология.

ҚР энергетикасына оң әсерін беруі мүмкін жоба ретінде Smart greed атты неміс технологиясы аталып өтті. Ол электр энергиясы жүйесіне қуатты алыс қашықтықтарға жіберген кезде шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді. Қазақстандық электр энергиясы жүйесі үшін бұл өте өзекті мәселе.

Сондай-ақ, неміс павильонында геотермалды жаңартылатын энергия көзінің технологиясы ұсынылды. Оның көмегімен жылу және электр энергиясын алу үшін жер бетінің әрі жер асты суларының жылуын пайдалануға болады. Халықаралық бағалаулар бойынша Қазақстанның жаңартылатын энергетиканың осы түрі бойынша зор әлеуеті бар, оны үй шаруашылығында, фермерлік шаруашылықта, өнеркәсіптік нысандар мен елді мекендерде пайдалануға болады. 

Сонымен қатар вице-министр мысал ретінде «Турбосфера» Беларусь энергия үнемдеу технологиясын атап өтті. Ол табиғи газдың артық қысымын пайдаға асыра отырып, жеке қажеттіліктерге жұмсалатын электр энергиясын алуға мүмкіндік береді. Аталған технологияны Қазақстанның мұнай-газ секторының кәсіпорындарында қолдануға болады.

Ал ағын суларды тазалау бойынша фин технологиясы қайта өңдеу кезінде судың сапасын арттыруға, онымен қоса ағын су тұнбасын тыңайтқыш ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл технологияны қазақстандық ТКШ кәсіпорындары мен өңірлік кәсіпорындарға қолдануға болады. Бұдан өзге, «Голубой уголь» поляк технологиясы зиянды заттардың шығарылу көрсеткіштерін 80%-ға төмендетуге, сонымен қатар көмір жағу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстанда көмір шығару 70%-дан астам деңгейді құрайтынын ескерсек, қоршаған ортаға зияды әсерді төмендету мәселелері аса өзекті.

М. Мырзағалиев қажетті мәліметтер көрсетілген технологиялар тізімі ҚР ЭМ сайтында орналастырылғанын, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар мен ірі компанияға жіберілгенін айтты. Бүгінде 105 технологияның 42-сі  отандық компанияларда егжей-тегжейлі пысықталып жатыр, 14 технологиямен екі университет айналысуда, 12 жобамен әкімдіктер жұмыс істеп жатыр.




Яндекс.Метрика