Үкімет

ҚР БҒМ «Экспо-2017» көрмесінің жобалары бойынша білім беру технологияларының сайтын іске қосады

ҚР БҒМ қарасты ведомстволардың ғалымдары мен сарапшылар тобы «Экспо-2017» халықаралық көрмесінің нысандарына оларды ғылыми және білім беру тұрғысында пайдалану бойныша зерттеу жүргізді. Нәтижесінде ғылым материалдар жинақталатын білім беру ресурсын құру туралы шешім қабылданды. Бұл туралы ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірасылов ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясында хабарлады.
Нұр-Сұлтан 21 Қыркүйек, 18:02

Белгілі болғандай, арнайы топ Жапония, Корея, Швейцария, Финляндия, Израиль және т.б. елдерді ЭКСПО-дағы экспозицияларына зерттеу жүргізді. Оның аясында жаңартылған энергия көздері, ядролық энергия саласындағы зерттемелерге басымдылық берілді.

Б. Әбдірасыловтың айтуынша, арнайы ақпараттық алаң құрылатын болады.

«Бұл негізгі білім беру технологиялары орналастырылатын сайт болуы мүмкін. «ЭКСПО» мұрасын жоғалтып алмауымыз керек», — деді сөз басында Болатбек Әбдірасылов.

Сонымен қатар, спикер бұл порталды ашудағы басты мақсатқа тоқталды.

«Порталдың басты мақсаты — мектеп оқушылары мен білім алып жатқан жастарды бүгінде әлемде қолданыста бар ғылыми жетістіктерге араластыру, тарту. Сонымен қатар Қазақстанда «академиялық еркіндіктің» жаппай енгізілгенін ескере отырып, портал қазақстандық оқытушыларға өздерінің оқыту әдістемелерін жетілдіруге үлкен мүмкіндіктер береді», - деді Б. Әбдірасылов Үкімет сағатында.

Аталған ресурста ғылыми зерттеулерге де, білім беру мақсатында да қызығушылық тудыратын материалдарды топтастыру көзделіп отыр. Бұдан басқа, ол тек мектеп оқушылары, мұғалімдер, студенттер, ЖОО-лардың оқытушылары мен ғалымдарға ғана емес, сондай-ақ  қызығушылық танытқан  барлық азаматтарға қолжетімді болады.

Сөз соңында Б. Әбдірасылов ендігі Қазақстанның шалғайда орналасқан  ауылдарындағы мектептердің де білім беру технологиялары саласындағы жетістіктерге қосылуға мүмкіндіктері болатынын жеткізді.

Қайрат Жандыбаев





Яндекс.Метрика