Парламент

Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі әскерилерге баспаналы болуға көмектеседі – Л.Ибрагимова

Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі Қазақстанның әскери қызметшілері үшін «Әскери» жаңа жобасын жасақтады, ол қорғаныс қызметкерлеріне тиімді шарттармен баспаналы болуға көмектеседі. Бұл туралы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі»АҚ басқарма төрағасы Ләззәт Ибрагимова Мәжілістегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» үкіметтік заң жобасының таныстырылымында хабарлады.
Нұр-Сұлтан18 Қыркүйек , 17:55

«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінен тұрғын үй төлемдерін мақсатты пайдалануға сәйкес берілетін несиенің 5 мақсаты бар. Біріншісі – көппәтерлі үйден пәтер алу, екіншісі – жеке тұрғын үй алу, үшінші – жер телімін алу және жеке тұрғын үйдің құрылысына несие алу, төртіншісі – жөндеу жұмыстары, тұрғын үйді күрделі жөндеу, бесіншісі – басқа банктан несие алу үшін алғашқы  жарна. Бүгінде әскери қызметшілер үшін 5,5 мың арнайы ағымдағы есеп шот ашылды, оның 900-ден астамы заем алса, қалған бір бөлігі екінші деңгейдегі банктердің көмегіне жүгінді, біз осы қаржы айналымының барлығына қызмет көрсетеміз», - деді Л. Ибрагимова.

Ол атап өткендей, соңғы үш жылда инфляциялық таргеттеудің басты факторы Қазақстанда баға теңгелей белгіленетін болды, бұл өз кезегінде бағаның тұрақтануына көмектесті.

«Шектеу жоқ, адам жаңадан салынған тұрғын үйді немесе екінші нарықтағы тұрғын үйді таңдай алады. Соңғы үш жылда инфляциялық таргеттеудің басты факторы Қазақстанда баға теңгелей белгіленетін болды, бұл өз кезегінде бағаның тұрақтануына көмектесті. Ал, соңғы екі жылда Алматы мен Астананың нарығында баға өсімі байқалмады», - деп сендірді Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің басқарма төрағасы.

Сонымен қатар, ол Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі  Қазақстанның әскери қызметшілері үшін арнайы «Әскери» жаңа жобасын жасақтағанын атап өтті. Ол қорғаныс қызметкерлеріне тиімді шарттармен баспаналы болуға көмектеседі.

«Біздің жүйенің негізгі шарты сіз баспаналы болуыңыз үшін оның құнының 50% жинауыңыз керек, алайда әскерилердегі жағдай мүлдем бөлек. Сондықтанда, олар үшін «Әскери» жобасы жасақталды, яғни оларға 0-ден 30%-ға дейін алғашқы жарна салуға мүмкіндік берілген. Әскери қызметкер ешқандай жарна құймастан бірден несие ала алады, алайда оның сомасы айтарлықтай аз болады. Ал, егер ол банкпен бірлесіп алғашқы жарнаның 30% жинаса, онда ол сәйкесінше шаршы метрі үлкен, жақсырақ пәтер ала алады», - деді Л. Ибрагимова.

Сонымен қатар, ол тұрғын үй төлемі әскеридің шеніне емес, балалар санына байланысты болатынын жеткізді.

«Тұрғын үй төлемі аймақтық диференцияға байланысты, яғни Астана мен Алматы қаласы бойынша жалға алу сомасы бастапқы төлем болады, сонымен қатар ол балалар санына қарай көбейтіледі. Демек, әскери шені төмен капитан бала санына карай полковниктен көп алуы мүмкін. Тұрғын үй займының пайыздық үстемақысы 5% құрап отыр, ал алғашқы заем бойынша пайыздық үстемақы 6,9%-дан 7,8% шамасында болады. Бүгінде біз бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша еліміз бойынша ипотекалық заемдардың 75% береміз», - деп толықтырды Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі басқарма төрағасы.

Сөз соңында ол басқа аймақта жұмыс істейтін әскери қызметші ҚР-ның кез келген аймағына пәтер сатып ала алатынын ескертті және аймақтағы баға айырмашылығына тоқталды.

«Аймақтық бағаларда айырмашылық бар. Мысалы, екі адамнан тұратын отбасы Алматыда болса олар 203 544 теңге көлемінде тұрғын үй төлемін ала алады, егер дәл сол әскери отбасы Таразда тұратын болса тұрғын үй төлемі 60 192 теңгені құрайды. Яғни, ол Таразда алғашқы жарнасы 20% құрайтын 6 млн теңгене үй сатып ала алады, сонда оның ай сайынғы төлемі 59 700 теңгені құрайды. Ал, Алматыда алғашқы жарнасы 20% болатын 20,5 млн теңгеге үй сатып алуға болады. Осы ретте, айта кетерлік жайт Тараз бен Алматы да дәл осы қаржыға бірдей шаршы көлемде үй алуға болады. Алматыда ай сайынғы төлем 203 975 теңгені құрайды және займ алушы тек 412 теңгені қосымша төлеу  керек болады. Бір сөзбен айтқанда аймақ арасындағы айырмашылық тұрғын үй төлемінде де көрініс тапқан», - деп түйіндеді Л. Ибрагимова.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР қорғаныс министрінің орынбасары Әбілхайыр Сқақов Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» үкіметтік заң жобасын таныстырды.

Қайрат Жандыбаев




Яндекс.Метрика