Рухани жаңғыру

Латын әліпбиіне көшу жұмыстары қоғам өміріндегі басты мәселесе – А.Мұхамедиұлы

Латын әліпбиіне көшу жұмыстары қоғам өміріндегі басты мәселесе. Бұл туралы Астанада өткен мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысында ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы хабарлады.
Астана қаласы 14 Қыркүйек, 20:47

«Латын әліпбиіне көшу жұмыстары – қоғам өміріндегі бүгінгі күннің басты мәселесі. Біз, шын мәнісінде, сонау тәуелсіздіктің алғашқы күндерден бастап, бұл мәселеге ерекше көңіл бөлдік. Енді міне, сындарлы шақ туғанда, халқымыз үшін аса өзекті міндет – латын графикасына көшудің бастауында тұрмыз. Жаңа әліпби,  көптеген зиялы қауым өкілдерінің, сарапшылардың айтуынша, «жаңғырудың ең маңызды алғышарттарының бірі», – деп атап  өтті А. Мұхамедиұлы.  

Бұдан басқа, дөңгелек үстел отырысында философия ғылымдарының профессоры, академик, Ғарифолла Есім де өз пікірін ортаға салды.

«Ұлт, тарих, мәдениет осының бәрін алып, өзімізді бүкіл әлемге жария ету үшін керекті құрал, ол – латын әліпбиіне көшу. Елбасы «Рухани жаңғыруды» қалай айтты? Тамырдан жаңғырсақ ғана адаспаймыз. Тамырымыздан жаңғырған кезде – ұлт, тарих, мәдениет осының бәрін алып, өзімізді бүкіл әлемге жария ету үшін керекті құрал, ол – латын әліпбиіне көшу», – деді ғалым. 

Сонымен қатар, ол әріптерді көбейту мәселесіне тоқталды

«Біз әріпті көбейтпеуіміз керек. Түрік ағайындар, өзбек, әзірбайжан, т.б. латынға көшерде қосымша символдар қосып, көбейтті. Егер біз өркениетке өткіміз келсе, ағылшын әрпі бойынша өткеніміз дұрыс болады. Ұрпақтарымызға жеңіл болсын. Ағылшын қарпін алсақ, өркениетпен бірге 30 елдің қатарына енетініміз анық», – деді академик Ғарифолла Есім.

Ал, республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек  Тшанов зиялы қауым өкілдерінің ойына қосыла отырып, өзіндік идеясын ортаға салды.

«Қазіргі қалыптасқан күрделі геосаяси жағдай бізге жедел түрде бірнеше мегажобаларды жүзеге асыруымызды талап етеді. Соның бірі Елбасымыз ел назарына ұсынып отырған теңдессіз жоба – латын әліпбиіне көшу. Егер біз өзіміз үшін, өзіміздің балаларымыз үшін латынша графиканы ашатын болсақ, онда бізге рухани жағынан да, мәдени жағынан да ғылымның кең көкжиегі ашылады. Ал, ағылшын тілі табиғи тіл сияқты болып қабылданады. Әмбебап болу үшін ағылшын тілін білу қажет. Себебі, әлемдегі ғылыми-танымдық әдебиеттің барлығының 80 пайызы дәл осы тілде өндіріледі. Латын қарпіне көшу арқылы біз де өзіміздің әдебиетімізді экспортқа шығара аламыз. Ұлттық әліпбиге көшу – қазақ тарихының алдында тұрған сындарлы белес. Осы белесте демократиялық тұрғыда бұл саланың мамандары – отандық тіл ғалымдарының, ұлт зиялыларының кеңесіне құлақ түріп, «келісіп пішкен тон келте болмас» деген нақылды ұстанып, ортақ бір шешімге келетініміз сөзсіз», – деді Амалбек Тшанов.

Сонымен, дөңгелек үстелге қатысқан зиялы қауым өкілдеріне, сондай-ақ осы жиынға қатысқан өнер, спорт, туризм саласы қызметкерлеріне де маңызды мәселені талқылауға белсене қатысқандары үшін алғысын жеткізген министр, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру өзекті міндет екенін атап көрсетті.





Яндекс.Метрика