Экономика

Қазақстанда экономиканың жаңа моделі жасақталуда

Макроэкономикалық перспективалар мен қатерлер, салықтық-бюджеттік саясат бағамы, бюджеттік ынталандыру мен қаржылық шығындар, сондай-ақ бірқатар маңызды мәселелер Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің Халықаралық валюта қоры миссиясының өкілдерімен кездесуі барысында талқыланды.
Астана қаласы 14 Қыркүйек, 19:58

ҚР ҰЭМ хабарлағандай, аталған кездесу барысында Тимур Сүлейменов 2017 және 2018 жылдардағы және ортамерзімдік келешектегі экономикалық дамуды бағалаудың деректері туралы баяндады.

«Ағымдағы жылы экономикалық өсім 3,4% деңгейінде бағаланады және дамудың негізгі факторлары дәстүрлі жүйеқұрушы салалар болмақ. Мұнай өндіру Қашағандағы өндірудің арттырылуының есебінен 84,5 млн.тоннаға дейін ұлғаяды. Сондай-ақ, бұл өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі салалар. ИИДМБ жобаларының жүргізілуінің және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастырудың есебінен өңдеу өсімі динамикасы 5,0%-ға дейін ұлғаяды. Сонымен бірге, құрылысты алайық. «Нұрлы жер» жаңа бағдарламасын жүзеге асырудың басталуы себепті құрылыс көлемі 3,0%-ға дейін ұлғайтылады», - деді ҚР ҰЭМ басшысы.  

Сонымен қатар, Тимур Сүлейменов неғұрлым жоғары экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін инвестициялар мен жаңа технологияларға бағдарланған дамудың жаңа моделі қалыптастырылатынын атап өтті. Оның негізгі бағыттары «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында баяндалған.

«Ел экономикасын тұрақты дамыту мақсатындағы негізгі шаралар әсіресе, өңдеу және қызмет көрсету салаларындағы еңбек өнімділігін арттыру үшін технологиялық жаңғыртуды көздейді», - деді Тимур Сүлейменов.

Бұдан басқа, ҚР ҰЭМ басшысының айтуынша, бюджеттің теңгерімділігін және республикалық бюджеттің мұнайдан түсетін табыстарға тәуелділігін азайтуды қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық қорды қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасында бюджеттің мұнай емес тапшылығы деңгейін 2020 жылы ІЖӨ-ге 7,0%-ға дейін және 2025 жылы 6,0%-ға дейін төмендету көзделген.

Тимур Сүлейменов сөзінің соңында ХВҚ миссиясы өкілдеріне ел экономикасын дамытудағы көрсеткен жәрдемі үшін алғыс айтты және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының және мемлекеттің экономикалық саясатының аясындағы белгіленген құрылымдық реформаларды жүзеге асырудағы одан арғы жемісті ынтымақтастық пен қолдауға сенім білдірді.





Яндекс.Метрика