«Нұрлы жол» – Қазақстанның даму жолы

234 қызылордалық отбасы қоныс тойын тойлады

234 қызылордалық отбасы көппәтерлі тұрғын үйден баспаналарының кілттерін алды, деп хабарлады қалалық әкімдік.
Қызылорда 14 Қыркүйек, 18:34

Қала күні қарсаңында жаңа шағын ауданнан кезекті  көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Жаңа шағын ауданға әлі ат берілген жоқ, дегенмен бұл жерде 25 тұрғын үй бой көтерді, жақын арада мектеп пен балабақшаның құрылысы басталады.

Қала үшін биылғы жылдың басты жаңалығы - Сырдария өзенінің сол жақ жағалауындағы  жаңа қала құрылысының басталуы. Бүгінде  сол жағалауда 18 көпқабатты тұрғын үйдің, 320 орындық балабақшаның, жастар орталығының, "Болашақ" университеті кампусының, Қазақ Орталық Атқару Комитетінің бұрынғы ғимаратының сызбасы негізінде аймақтың рухани жаңғыру орталығының құрылыстары қарқынды жүруде. 1925 жылы Қызылорда астана болып тұрған шақта осы ғимаратта  тарихи шешім қабылданып, ұлтымыз "қазақ" деп аталған.  

"Құрылыстың қарқыны жағынан біз Астанадан кейінгі орындамыз, Алматымен деңгейлес, ал республика бойынша  алдыңғы  бестікке кіреміз. Өткен жылы  Алматы қаласында мемлекеттік бағдарламамен  63 көпқабатты үй салынса, Қызылордада 80 үй салынды. Осының барлығы құрыш қолды құрылысшылардың еңбегі, халқымыздың  ауызбіршілігі мен ынтымағы, Елбасының сарабдал саясатының арқасында мүмкін болып отыр", - деп атап өтті жаңа қоныс иелерін құттықтаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.  

Бүгінде Қызылордада құрылыс қарқыны өте жоғары, соның ішінде тұрғын үй құрылысы. Облыс орталығында соңғы 4 жылда 11 жаңа шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңнан астам тұрғын баспаналы болды. Аймақтағы құрылыс көлемі 3,5 есеге, облыс орталығында құрылыс 8 есеге ұлғайды. Жыл басынан бері 61 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары жүруде, бүгінгі күні олардың 23-і  пайдалануға берілді. Қалған 38-і жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп жоспарланған.





Яндекс.Метрика