Парламент

Мәжілісте жаңа Кеден кодексінің жобасы таныстырылды

Мәжілісте ҚР ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов «Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартты ратификациялау туралы» Заңының, «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің және «Кейбір заңнамалық актілерге кедендік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобалары туралы айтып берді.
Астана қаласы14 Қыркүйек , 12:21

«Соңғы үш жыл ішінде ЕЭК алаңында Одақтың Кеден кодексінің жобасы әзірленген болатын. Жұмыс мемлекеттік органдар мен бизнес-құрылымдардың өкілдерінің қатысуымен жүргізілді. Негізгі мақсаты - бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту. Бұл бизнес үшін маңызды үш көрсеткіш: уақыт, ақша және құжаттар. Қазақстан Республикасы 552 түзету жіберді. Бұл барлық түзетулердің 38%-ы. Оның ішінде 65%-ы қабылданды. Биылғы жылдың 11 сәуірінде Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа қол қойылды. Одақтың жаңа Кеден кодексі 2018 жылғы 1 қаңтарда күшіне енуі тиіс», - деді А. Жұмағұлов.

Вице-министр атап өткендей, Одақтың Кеден кодексі - Одақтың нормативтік-құқықтық базасының негізгі құжаттарының бірі. Ол Кеден одағының қолданыстағы Кеден кодексін және бірқатар халықаралық келісімдерді ауыстырады.

«Одақ кодексі кедендік реттеу жөніндегі негізгі тәсілдердің қайта қаралуына байланысты едәуір пысықталды. Ұлттық заңнама құзыретіне 350-ден астам сілтемелік нормалар берілді. Осыған байланысты, біз қолданыстағы ұлттық кеден заңнамасын сәйкестікке келтіру бойынша жұмыс атқардық», - деп қосты вице-министр.

"Кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің жобасына қатысты, вице-министр Одақтың Кеден кодексінің ережелері қолданысқа енгізілгенін, сілтемелік нормалардың іске асырылғанын, Одақ кодексімен реттелмеген қарым-қатынастар орнатылғанын атап өтті. 

«Ұлттық Кеден кодексінің жобасы 8 бөлімнен тұрады. ҚР Кеден кодексі жобасының құрылымы кедендік операциялар жасау логикасына сүйене отырып қалыптастырылған. Кеден заңнамасының жаңалықтарына тоқталып өтсек, бұл кедендік реттеудің жаңа тәсілі - кедендегі бизнес процестерді автоматтандыру. Электрондық декларациялау енгізіліп жатыр. Қағаз жүзіндегі декларациялау жекелеген жағдайларда ғана, мысалы, техникалық істен шығу кезінде ғана қалады. "Бір терезе" механизмі қарастырылды. Құжаттарды мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алу мүмкін болған жағдайда кеден органдары декларанттан құжаттарды сұратпайды. Осы екі ережені іске асыру тауарлардың автоматты шығарылымын іске асыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті А. Жұмағұлов.

Сондай-ақ вице-министр ақпараттық технологияларға баса назар аударумен қатар, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға өз шығыстарын оңтайландыруға мүмкіндік беретін бірқатар мүмкіндіктердің пайда болғанын да атап өтті. Мысалы, кеден бажы бойынша төлем уақытын кейінге қалдыру.

«Мемлекет декларантқа пайыздарды төлей отырып, төлемді бір ай кейінге қалдыру құқығын береді. Жекелеген жағдайларда пайыздар төленбей, төлемді алты айға дейін кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі. Бұл, мысалы: халықаралық шарттар аясында жеткізілімдерді жүзеге асыру кезінде; ауыл шаруашылығы техникасын, егіс материалдарын, асыл тұқымды жануарларды әкелу кезінде; табиғи, технологиялық апаттар немесе басқа да жағдайлардың нәтижесінде төлеушіге шығын келтірілген жағдайда орын алады», - деп түсіндірді А. Жұмағұлов.

Елбасының "100 нақты қадам" бағдарламасының 40-қадамын іске асыру үшін "Постфактум" кедендік тазалау режимі бойынша шығарылатын тауарлардың тізбесі кеңейтілуде. 

«Жоба ҚР Салық кодексімен процестерді үйлестіреді. Уәкілетті экономикалық операторлар үшін арнайы жеңілдіктер кеңейтілді. Атап айтқанда, жеңілдіктер пакетіне байланысты куәліктердің үш түрі қарастырылды; мәртебе беру критерийлері жаңартылды; уәкілетті экономикалық операторлар үшін арнайы жеңілдіктер тізімі кеңейтілді», - деп түсіндірді А. Жұмағұлов.

Сондай-ақ ол уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне үміткер сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар өздері үшін анағұрлым тиімді жеңілдіктер пакетін таңдай алатынын да атап өтті. 

«Енді уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне сыртқы экономикалық қызметтің барлық қатысушылары үміткер бола алады: кедендік тасымалдаушылар, кеден өкілдері, уақытша сақтау қоймаларының иелері. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес - тек импорттаушылар ғана. Осы ретте Одақ елдері бір-бірінің уәкілетті экономикалық операторларын өзара тану туралы келісті. Бұл бірінші және үшінші үлгідегі куәліктері бар уәкілетті экономикалық операторларға қатысты. Яғни халықаралық тасымалдаушылар. Одаққа мүше мемлекеттердің аумағы арқылы транзитті жүзеге асыру кезінде оларға қатысты қосымша бақылау шаралары қолданылмайды», - деп атап өтті А. Жұмағұлов.

Сондай-ақ ол жеңілдіктер кеден ісі саласындағы қызметін жүзеге асыратын тұлғалар үшін де қарастырылғанын атап өтті. 

«Кедендік тасымалдаушы ретінде қызметті жүзеге асыратын адам кедендік тасымалдаушылар тізіліміне енгізілуі тиіс. Осы ретте мұндай адам міндеттерді орындап, қызметтің осы түрі үшін заңнамада көзделген талаптарға сәйкес келуі тиіс. Міндеттердің бірі белгіленген мерзімде есеп беру болып табылады. Қолданыстағы нормаларға сәйкес, адам есепті уақтылы ұсынбаған жағдайда тізілімнен алынып тасталады. Жаңа заңнама бұзушылық жойылғаннан кейін адамның қызметін жаңартуға мүмкінік береді», - деп қосты вице-министр.

Оның айтуынша, декларантты әкімшілік жауапкершіліктен босату жағдайлары кеңейтілген. 

«Кодексте транзиттік әлеуетті дамыту мақсатында кедендік операцияларды оңтайландыру бойынша бірқатар нормалар көзделген. Қолданыстағы кодексте кедендік транзитті аяқтау 24 сағат ішінде жүзеге асырылады. Жаңа кодексте рәсімді аяқтау үшін 4 сағат берілген. Бұдан бөлек, кедендік тексеру жүргізу мерзімі он күннен бес күнге дейін қысқартылған», - деп мәлім етті А. Жұмағұлов.

Сонымен қатар, ҚР ұлттық экономика министрінің орынбасары бірқатар Кодекстер мен заңдарға өзгерістер енгізілетінін хабарлады.

«Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексте Кодекс жобасының тиісті материалдық нормалары бойынша жауапкершілік ережелері бекітіледі. Бұдан бөлек, заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу оларда қолданылатын кедендік заңнама терминологиясын өзектендіру қажеттігімен түсіндіріледі. Жалпы, үлкен жұмыс атқарылды. Біз кедендік реттеу бойынша үш заң жобасын әзірледік. Жаңа кедендік заңнама сыртқы экономикалық қызметті жүргізуді жеңілдетіп, Қазақстанға транзиттік және экспорттық әлеуетін барынша пайдалануға мүмкіндік береді», - деп қорытындылады А. Жұмағұлов.

 

Қайрат Жандыбаев




Яндекс.Метрика