Адами капитал

Кәсіпкерлікті дамыту арқылы 5 868 жаңа жұмыс орны ашылды - ҚР ЕХӘҚМ

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына 340 мыңнан астам азамат қатысуда, бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Астана қаласы 13 Қыркүйек, 18:18

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін Бағдарламаға қатысу үшін 377,8 мың адам жүгініп, оның  340,7 мыңы Бағдарламаға қатысушылардың құрамына енді.

Бағдарламаға қатысқандардың 260 мыңы (76,3%) жұмыссыз,  80,6 мың адам (23,7%) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болып саналады.

283 мың азаматқа жұмыспен қамтудың белсенді көмегі көрсетілді. Нәтижесінде, 281,2 мың азамат еңбекпен қамтылып, оның ішінде 174 мың адам (61,9%)  тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Бағдарламаның бірінші бағыты «Кадрларды техникалық-кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету» аясында Астана және Алматы қалаларында. облыстарда бағдарлама арқасында білім аламын деген үміткерлердің тізімін қалыптастыру үшін 1 855 жедел топ құрылды. 317 білім мекемесі мен жұмысшы мамандарды даярлайтын басымдыққа ие 271 мамандық түрі таңдап алынды (сервис пен қызмет көрсету, техникалық, технологиялық, ауылшаруашылық салалары). Ұлттық бірыңғай тестілеуден өте алмаған жоғары оқу орындарына түсе алмаған мектеп түлектеріне тегін кәсіптік және техникалық мамандықтарда білім алуға мүмкіндік қарастырылған.

1 қыркүйекке дейін 21,3 мың адам немесе жылдық жоспардан 100% азамат білім ала бастады. Бағдарлама қатысушыларына шәкіртақы, жол шығындары өтеліп, ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

1 сәуірден бастап нарықта сұранысқа ие кәсіптер бойынша білім алатын қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бастау алды. Осы арқылы 1 қыркүйекке дейін қысқа мерзімді оқыту курстарына 39,3 мың адам оқуға жіберілді.

Екінші «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша 4 848 шағын несие берілді. Оның 75,3%-ы мал шаруашылығына қатысты болса, 24,7%-ы өзге де қызмет көрсету салаларына арналған. Несиелендіруге қол жеткізген 2 952 азамат қызметін енді бастаған, яғни стартап-жобаларға ден қойған кәсіпкерлер болып есептеледі. Жалпы 5 800 шағын несие беру жоспарланғанын айта кеткен жөн.

Кәсіпкерлікті дамыту арқылы 5 868 жаңа жұмыс орны ашылды.

«Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру арқылы еңбек нарығын дамыту» атты үшінші бағыт бойынша 107,4 мың адам жұмысқа орналасса, әлеуметтік жұмыс орындары тұрғысында 19,9 мың немесе жоспардан 121,3% адам, қоғамдық жұмыстарға 68,3 мың немесе жоспар бойынша 89% азамат еңбекке тартылған. 19,2 мың жас мамандар жастар тәжірибесіне жұмылдырылған (113,2%).

Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру аясында Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында көшті қабылдайтын аймақтардағы жұмыс берушілерді қатыстыра отырып, өңіраралық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Нәтижесінде, 1275 отбасы солтүстіктен оңтүстікке көшіп, сонда жұмысқа орналасуға қызығушылық танытты.

Бүгінгі таңға дейін 646 отбасы қоныс аударса, оның 273-і жұмыс күші артық аймақтардан ішкі қоныс аударушылар.





Яндекс.Метрика