Рухани жаңғыру

Латын әліпбиіне көшу ұлтты біріктіреді - П. Казанцев

Қазақ әліпбиінің кириллицадан латын әліпбиіне көшуі ұлтты біріктіреді, ғылыми-техникалық прогрестің заманауи жетістіктеріне жақындатады және Қазақстанның заманауи әлемдік коммуникациялық процестерге интеграциясына әкеледі, деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев Strategy2050.kz АА-ға берген сұхбатында.
Астана қаласы13 Қыркүйек , 16:51

«Халықтың түрлі топтарымен кездесу кезінде біз, парламент депутаттары, қоғамның Елбасы реформаларын қолдауының қажеттігі мен жоғары деңгейіне көз жеткіздік. Халық осы өзгерістерді толық қолдап қана қоймай, оларды іске асыруға да белсенді қатысуда. Атап айтқанда, өңірлерде  «Рухани жаңғыру» бағдарламасына, соның ішінде мемлекеттік тілдің латын графикасына көшу бағытына қатысты да едәуір қызығушылық туындауда. Сараптамалық алаңдарда, ғылыми және педагогикалық ортада бұл мәселе бұрыннан бері зерттеліп келді. Тақырып өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бері талқыланып келеді, осы уақыт ішінде мамандар әліпбидің 100-ден астам нұсқасын ұсынған», - деді П. Казанцев.

Оның айтуынша, қазір қазақ жазуын латын графикасына ауыстыру үшін қолайлы және экономикалық жағдайлар қалыптасып отыр. 

«Қазақстандық қоғам қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру ұсынысын іске асыру ұлтты одан сайын біріктіре түсетінін, бізді ғылыми-техникалық процестің заманауи жетістіктеріне жақындатып, Қазақстанның заманауи әлемдік коммуникациялық процестерге одан әрі интеграциясына әкелетінін түсінуі қажет», - деп атап өтті депутат.

Сондай-ақ ол латын әліпбиін көбі білетіндіктен, оған көшу қазақстандықтар үшін қиындықтар туғызбайтынын да атап өтті. 

«Біріншіден, біз баршаға белгілі графиканы қолданамыз. Президент қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен және жүйелі түрде енгізуді ұсынып отыр», - деді П. Казанцев.

Сонымен қатар ол латын әліпбиін енгізу  IT-секторына да және жалпы бизнес үшін де тиімді болатынын және осы процесті жылдамдату керектігін айтты.

«Бұл өте тиімді. Барлық базалық бағдарламалау құралдары, желілік техникалық шешімдер латын форматында пайдаланылады. Қазір техникалық қызметкерлер үшін де, тілдің лингвистикалық функцияларын орындау үшін де бірдей қолайлы әліпби нұсқалары бар. Оған қоса, жылдамдыққа, нақтылыққа және басу жылдамдығына әсер ететін әріп санында да айырмашылық бар. Біздің әліпбиімізде 42 әріп болса, латын әліпбиінде одан аздау болады.  IT-секторы ғана емес, сонымен қатар бизнес те процеске жедел кірісуге дайын. Оларға латын әліпбиімен жұмыс істеген оңай әрі арзан. Кәсіпкерлік барлық бизнес-процестерді цифрлендірмей тұрғанда, латын әліпбиін енгізу мәселесін жылдамдату қажет», - деп қосты П. Казанцев.

Сөз соңында депутат халықпен түсіндіру жұмысын жүргізу керектігін атап өтті. 

«Менің ойымша, ақпараттық-түсіндіру жұмысынан басқа, жаңа әліпбиді сынақтан өткізу жөніндегі іс-шаралар кешені қажет. Қазақстандықтар Елбасымыздың ұсыныстарын іске асыру қоғамымызға жаңа интеграциялық мүмкіндіктер беретінін түсініп, қабылдауы тиіс. Бұл Жаңғыру 3.0 стратегиясының негізгі мақсаттарына сәйкес келеді», - деп қорытындылады П. Казанцев.

Қайрат Жандыбаев




Яндекс.Метрика