Рухани жаңғыру

Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы латын әліпбиіне көшу бастамасына қолдау білдірді

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысын өткізді. Онда мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшу мәселесі және жаңа қазақ алфавитінің бірыңғай стандарттары сөз болды, деп хабарлады nurotan.kz.
Астана қаласы 13 Қыркүйек, 15:57

Сөз басында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бірден бүкілхалықтық қолдауға ие болған өте терең мағыналы және барлық саланы қамтитын аса ауқымды бағдарламалық құжат екенін атап өтті. Рухани жаңғырудың негізгі тетіктерінің бірі тілдің жаңғыруы. Яғни тілдің фонетикасы мен графикасының сәйкес келуінде үлкен мән бар.

Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, дәл осы жаңа қазақ алфавиті қоғамдық санаға тың серпін беріп, оның жаңғыруының негізі болады.

«Ұлт тағдырына қатысты кез келген мәселені он ойланып, жүз толғанып, өзіне ғана тән дархан даналықпен кемел шешім қабылдайтын Елбасымыз латын алфавитіне көшуге келгенде тағы да кемеңгерлік танытты. Бұл тек әліпби ауыстыру емес, бар қазақтың бойына ана сүті, әке тәрбиесімен даритын қазақ тілін заманаға сай жаңғыртудың кешенді жүйесін, дұрыс сөйлеу мен жазу мәдениетін қалыптастыру деп білемін. Ендеше латынға көшу Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғырудың» берік іргетасы деп білемін», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары латын әліпбиіне көшу арқылы ұлтымыздың әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыратын үш мәселенің шешілетініне назар аударды. Біріншіден, ағылшын алфавитінің негізіндегі жаңа қаріп жүйесі жастарымыздың да жасамыстарымыздың да ағылшын тілін меңгеруін жеңілдетеді әрі жеделдетеді. Екіншіден, ағылшын алфавиті мен тілін үйрену арқылы ғылым-білімнің осы тілде жасалған мол қазынасын еркін игеруге жол ашады. Үшіншіден, жер жүзіне тарыдай шашылған бар қазақтың басын қосады.

«Латын алфавитіне көшу арқылы біз грамматикамызды жетілдіріп, тілімізді жаңғыртамыз», – деді М. Құл-Мұхаммед.

Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының бұл отырысына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаев, еліміздегі жетекші саяси партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, Мемлекеттік тілдің латын графикасына көшуі жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, лингвист-ғалымдар, тіл білімінің мамандары, тарихшылар, түркітанушылар және тағы басқа сарапшы мамандар қатысты. 





Яндекс.Метрика