Халықаралық интеграция

ЕО Қазақстанмен қарым-қатынастың жаңа стратегиясын әзірлеуде

Еуропалық Одақ Қазақстанмен және Орталық Азиямен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі және өңір алдында тұрған сын-тегеуріндерге қатысты бірлесіп белсенді әрекет ету жөніндегі стратегиялық бағдарын ұстанады.
Әлемде 13 Қыркүйек, 15:36

«ЕО Кеңесіндегі эстондық өкілдік пен Германияның Федералды сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен Брюссельде  "Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша стратегиясына 10 жыл" атты тақырыпта өткен халықаралық конференцияның негізгі арқауы осындай», - деп хабарлады ҚР СІМ. 

Конференцияға қатысушы тараптар Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы байланыстарды одан әрі дамыту мен нығайтуға қатысты қызығушылық танытты. 

Конференцияға Қазақстан атынан  сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина қатысты.

Қатысушылар ЕО-ның ОА бойынша Стратегиясы аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. 2019 жылдың соңына дейін жаңа геосаяси шындықтарды, өзгеріп жатқан қажеттіліктерді және Орталық Азиядағы мүмкіндіктерді ескере отыра, жаңа Стратегия әзірлеу күн тәртібінің анағұрлым маңызды тармағына айналды. 

Еуроодақ өкілдері біздің өңірмен ынтымақтастықты дамыту Еуропалық Одақтың жаһандық стратегиясында маңызды орын алатынын атап өтті. 

«ЕО-ның Орталық Азия бойынша стратегиясы ұзақ мерзімді әріптестіктің берік негізін қалады және ЕО мен ОА арасындағы қарым-қатынастың едәуір нығаюына әкелді», – деп мәлім етті ЕО Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Питер Буриан.

Р. Василенко ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын іздеу қажеттігіне баса назар аударды. Қазақстандық дипломат өңірдің экономикалық әлеуетін дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. З. Баймолдина Қазақстанда жүргізіліп жатқан құқықтық жүйе реформасының негізгі басымдықтары туралы айтып берді. 





Яндекс.Метрика