Халықаралық интеграция

Индонезия Қазақстанның астананы көшіруге қатысты тәжірибесіне қызығушылық танытуда

ҚР сыртқы саясатындағы азиялық векторды күшейту аясында Қазақстан Индонезиямен ұзақ мерзімді және өзаратиімді сауда-экономикалық қатынастарды дамытуда мүдделі. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Индонезия Республикасындағы Елшісі Асхат Оразбай ҚР СІМ-де ұйымдастырылған брифинг барысында мәлім етті.
Астана қаласы 13 Қыркүйек, 12:54

Брифинг барысында отандық дипломат Қазақстан-Индонезия қарым-қатынастарының қазіргі жай-күйі мен болашақ дамуы жайында әңгімелеп берді. 

Елші екіжақты қатынастардың дамуы кезінде екі ел арасында сенімге негізделген достық қатынастар қалыптасқанын атап өтті. 2012 жылы Жакартаға және 2013 жылы Астанаға жасалған мемлекеттік сапарлардың барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Индонезия Президенті Сусило Бамбанг Юдойоно арасында жасалған жоғарғы деңгейдегі уағдаластықтар екіжақты ынтымақтастықтың дамуын ынталандыруға үлес қосты.

Сонымен бірге 8-12 қыркүйек аралығында  Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылым және технология жөніндегі бірінші саммиті шеңберінде өткен Индонезияның Вице-Президенті Юсуф Калланың Астанаға сапары және оның аясында орын алған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу қазақстандық-индонезиялық қатынастардың бұдан әрі дамуына жаңа серпін бергені аталып өтті.

Брифинг барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Елші тауар айналымның құрамы, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі компаниялар, сондай-ақ Индонезия нарығындағы қазақстандық өнімдері үшін экспорттық мүмкіндіктер жөнінде егжей-тегжейлі айтып берді.

Одан бөлек, А. Оразбай қос елдің саяси, мәдени-гуманитарлық, ғылыми және әскери-техникалық, сондай-ақ туристік салаларындағы ынтымақтастығы соңғы уақытта жанданғанын ескерді.

2017 жылғы маусым айында Жакарта қаласында Қазақстан Республикасы мен Индонезия Республикасының сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өткізіліп, оның барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы әрекеттестігі талқыланды.





Яндекс.Метрика