Инвестициялар

Иорданиялық компания фармацевтикалық препараттар шығаратын зауыт салады

Астанада ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Инвестиция комитеті мен иорданиялық Hikma PharmaceuticalsPLC трансұлттық компаниясының қазақстандық жобасы «Хикма СНГ» АҚ арасында инвестициялық келісімшартқа қол қойылды.
Астана қаласы 13 Қыркүйек, 09:13

Hikma Pharmaceuticals – базасы Лонданда орналасқан трансұлттық фармацевтикалық компания. Ол дәрілік препараттардың түпнұсқасы мен дженериктерді дайындап шығарады. 1978 жылы Иорданияның Амман қаласында кәсіпорынның негізі қаланған. Қазіргі уақытта Лондон қор биржасындағы ірі фармацевтикалық компаниялардың бірі болып табылады. Hikma-ның АҚШ, Еуропа, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка сияқты 11 елде 29 зауыты 7 зерттеу орталығы бар. Компанияның фармацевтикалық өнімдері GMP стандартына сай келеді. Ал, өнім портфеліне 700-ге жуық дәрілік препарат кіреді.

2015 жылы компания «Алматы индустриялық аймағынан фармацевтикалық препараттар шығаратын зауыт құрылысын салу» инвестициялық жоба бойынша жұмыс істей бастады. Компания республика халқының барлық топтарының қажеттілігін қамту үшін дәрілік заттардың бағасын қолжетімді ету және Қазақстанның медициналық препараттар импортына тәуелділігін төмендету мақсатында жоғары сапалы фармацевтикалық өнім шығаратын болады.

Фармацевтикалық препараттар ассортиментіне жүрек-қан тамырлары препараттары, жалпы пайдаланылым антибиотиктері, орталық нерв жүйесі ауруларын емдеуге арналған препараттар, онкологиялық және басқа да дәрілік препараттар қосылатын болады. 

Компания Алматы қаласындағы «Алматы» Индустриялық аймағынан жер учаскесін алып, «СҚ-Фармация» ЖШС-мен эксклюзивті негізде дәрілер шығарып, жеткізу жөнінде 10 жылдық келісім шартқа қол қойды. Қазіргі уақытта жер жұмыстары мен өндірісті жолға қою мәселелері пысықталуда. Жобаны толығымен шетелдік инвестор қаржыландырады.

«Бұл жоба Мемлекет басшысы жариялаған «Ұлт жоспары» аясында іске асырылып жатқанмен, біздің айрықша бақылауымызда болады», - деп атап өтті «KAZAKHINVEST» ҰК» АҚ басқарма басшысының орынбасары Нұрсұлтан Жиенбаев.





Яндекс.Метрика