Өңірлер

Е. Қошанов Қарағанды облысында экотуризмнің дамуымен танысты

Шет елдік туристер Қарағанды облысына қазақ халқының тұрмысымен танысу үшін келеді. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов жұмыс сапары барысында Ақтоғай ауданындағы экотуризмнің дамуымен танысты.
Қарағанды 13 Қыркүйек, 09:36

Өңір әкімдігінде хабарлағандай, әкім биылғы жылы 50-ге жуық шет ел азаматтарын қарсы алған «Сұлу тас» қонақ үйінде болып қайтты.

Шабанбай би ауылының тұрғыны Асқар Мұратов осыдан үш жыл бұрын 10 адамға арналған ұлттық нақыштағы қонақ үй ашқан. Туристік жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қолдау алған.

"Қазір шет елдік туристер керемет қонақ үйлерде тоқтағылары келмейді. Олар біздің тұрмысымызға қызығушылық танытады, біздің табиғатымызға таң қалады. Шет елдіктерге қазақтың тағамдары өте ұнайды. Біз оларды халқымыздың болмысымен, мәдениетімен және дәстүрлерімен таныстыруға тырысамыз", - дейді қонақ үйдің қожайыны.

Ниет білдіргендер киіз үйге де жата алады. Қонақтарға арналған ас мәзірі толықтай экологиялық таза ұлттық тағамдардан құралған.

Ауыл кәсіпкері биылғы жылы «Nomadic Travel Kazakhstan» туристік компаниясымен келісімшартқа отырған.

"Бұл «Туған жер» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанының бір мысалы. Осындай кәсіпкерлікті дамытып, оған қажетті көмек көрсету керек", - деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Биылғы жылы Ақтоғай ауданында жалпы ұзындығы 396 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар жолдар жөнделеді. Бұл бағытқа 77,9 млн теңге бөлінген.





Яндекс.Метрика