Өңірлер

Жаңақала ауданында таза ауыз сумен қамтамасыз етілу 70 пайыздан асады

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Жаңақала ауданына жұмыс сапары кезінде осы аудандағы маңызды әлеуметтік жобалардың іске асырылуын тексерді.
Батыс Қазақстан 12 Қыркүйек, 16:13

БҚО әкімдігінің ақпараты бойынша, Жаңақала ауданында су құбырын тарту, газдандыру және ауыл жолдарын жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 5,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы облыс әкімі Алтай Көлгіновтің осы ауданға жұмыс сапары кезінде белгілі болды.

Өңір басшысы атап өткенндей, Елбасы тапсырмасына сәйкес, халықтың әл-ауқатын, соның ішінде шалғайдағы елді мекендер тұрғындарының жағдайын жақсартуға ұдайы көңіл бөлінуде. Мысалы, Жаңақалада аудан орталығын қосқанда, сегіз ауыл сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Жаңақала мен Бөкей ордасы аудандары аралығында жатқан Құлшыққа ұзындығы 146 км су құбырын тарту үшін 2 млрд теңге қарастырылса, қазірдің өзінде соның 400 млн теңгесі түскелі отыр.

Бұл жұмысты қарқынды жүргізуге мүмкіндік береді. Германиялық сорғылар орнатылатындықтан, мердігерлер ауыз су сапасы жоғары болады деп отыр.

Таза су биыл Пятимар, Бірлік, алдағы жылдың көктеміне дейін Мәстексай ауылдық округіне  жетпекші. Оған қоса төрт ауылдық округ газдандырылып, 7 ауыл ішіндегі жолдар жөнделмек.

Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандары облыс орталығынан шалғай жатқандықтан, жол жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінгенімен, әзірге бұған ешкім құлшыныс таныта қоймаған. Сондықтан жол құрылысы кәсіпорындары үшін мемлекеттік сатып алу байқауларының кейбір талаптарын өзгерту керек шығар, себебі қала мен алыс елді мекендегі жағдайдың екі түрлі екені белгілі. Қалай болғанда да, аталған аудандарда жол жөнделетін болады.

 Облыс әкімі биылғы жобалар жүзеге асқан кезде өңірдегі елді мекендерді газдандыру 97 пайызға, таза ауыз сумен қамту 70 пайызға жететінін мәлім етті.





Яндекс.Метрика