Рухани жаңғыру

М. Құл-Мұхаммед: Қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы - рухани жаңғырудың негізі

Қазақ әліпбиінің ұсынылған нұсқасы - рухани жаңғырудың негізі, деді "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Павлодар облысына жұмыс сапары аясында Түсті металлургия колледжінің студенттерімен кездесуде.
Павлодар 12 Қыркүйек, 14:34

Колледж студенттерімен кездесу барысында Мұхтар Абрарұлы елімізде қолға алынған латын әліпбиіне көшу мәселесі туралы сөз қозғады.

«Қазақ әліпбиінің ұсынылған нұсқасы - бірегей нұсқа. Бұл - рухани жаңғырудың негізі. Ал рухани жаңғыру деген не? Бұл ең алдымен ғылымның, білімнің дамуы, рухани және мәдени даму. Ал латын қарпіне көшу арқылы ағылшын тіліне қарай интеграцияланамыз. Әлемдік өркениетке ұмтыламыз. Сондықтан бұл маңызды қадамның ағылшын тілін үйрену үшін де өте үлкен мәні бар», – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Сонымен қатар, партия Төрағасының Бірінші орынбасары Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты жанындағы ғылыми бөлім – «Margulan center» орталығында болды. Онда Мұхтар Құл-Мұхаммед «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыруды» жүзеге асыру жөніндегі «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалының жобалық кеңсесі орналасқан. Жаңадан ашылған кеңседе павлодарлық нұротандықтар мен өзге де сарапшылар бағдарламаның басым бағыттарын орындаудың тиімді жолдарын талқыламақ.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Павлодар облысында Елбасы бастамалары мен экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыру жұмыстарының нәтижелі жүргізіліп жатқанына ерекше назар аударып, алдағы уақытта да осы қарқыннан таймай еңбек етуге шақырды.





Яндекс.Метрика