Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы

М. Құл-Мұхаммед Павлодар облысының ИИДМБ кәсіпорындарының жұмысымен танысты

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Павлодар облысына барды. Сапар барысында ол индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Павлодар 12 Қыркүйек, 13:36

Партияның баспасөз қызметі хабарлағандай, Мұхтар Құл-Мұхаммед Павлодар түсті металлургия колледжінің жаңадан салынған Студенттер үйінде және Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ғылыми бөлімі – «Margulan center» орталығында болды. Бұл орталықта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ертіс өңірінен шыққан атақты билеуші Сұлтанбет Сұлтанның ордасы қалпына келтірілген.

Павлодар облысы еліміздегі ең ірі өндірістік орталықтардың бірі. Бүгінде индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бес жылдығы аясында өңірде 35 жоба жүзеге асырылуда. Оларға салынған инвестиция көлемі 1 трлн теңгеден астам қаражатты құрайды. Сондай-ақ, облыстағы шағын және орта бизнеске де мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Аймақта өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2017 жылы 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Осындай тың бастамалардың арқасында тек биылдың өзінде Павлодар өңірінде 23 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Сапар барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс әкімі Болат Бақауовпен бірге «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына барды. Мұнда қазірдің өзінде 6 инновациялық кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта тағы 6 өндіріс орны іске қосылмақ.

Арнайы экономикалық аймақтағы заманауи өндіріс ошақтарының бірі «Гиссенхауз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қоспалы алюминий өнімдерін дайындайтын зауыт таяуда ғана алғашқы құймаларын шығарды. Мұнда сұйық алюминий Қазақстан электролиз зауытынан тікелей әкелінеді. Оған арнайы қоспалар қосу арқылы профиль, фольга, автомобиль дискілері сияқты халық кеңінен тұтынатын әртүрлі заттар жасауға мүмкіндік бар. Осы ретте кәсіпорын аумағында диск дайындайтын цехтың құрылысы туралы келісімнің жасалғанын атап өткен жөн. Атай айтқанда, зауытпен жұмыс істеуге Ресейдің автомобиль дисктерін өндіретін ірі компаниясы қызығушылық білдіріп отыр. Өйткені осы жоба бойынша бизнес-жоспар дайындаған ресейліктер қаржы мәселесін және тағы да басқа басымдықтарды ескеріп, мұндай цехты Қазақстанда салудың тиімді екеніне көз жеткізген.

«Павлодар» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «АгроХимПрогресс» зауыты да толығымен қазіргі заманғы қондырғылармен жабдықталған. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы арқылы салынған бұл кәсіпорында минералды тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғауға арналған химиялық қоспалар, шегірткеге қарсы биологиялық дәрі-дәрмек және арамшөптерге қарсы қолданылатын глифосат-гербицид өндіріледі. Бүгінде кәсіпорын Қазақстан бойынша барлық сұраныстың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Жобаның жалпы құны – 3,2 млрд теңге. Ал оның басты ерекшелігі ретінде жоғары экологиялық қауіпсіздік жағдайында жұмыс істеуін айтуға болады. Яғни, зауыттағы барлық цех зиянды қалдықтар мен химиялық буланудың 99,99 пайызын жоятын сулы-газды реакторлармен жабдықталған.

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру нәтижесінде іске қосылған кәсіпорындардың жұмысымен танысқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Павлодар өңірінің осыншалықты қарқынды дамуы Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі екеніне назар аударды.

"Елбасымыздың айрықша қамқорлығының арқасында Павлодар облысының экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуында орасан зор өрлеу орын алуда. Тек индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша өңірде 35 ірі өнеркәсіпорын ашылып, оған 1 триллион теңгеден астам қаражат бөлінді. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша тек кейінгі екі жылда облысқа 125 млрд теңге қаржы жұмсалған. Мұндай қарқынды даму өңір тарихында бұрын-соңды болған емес. Облыста балабақша, мектеп мәселесі де біржолата шешілген. Халқымызға қазақ ғылымы мен әдебиетінің айтулы қайраткерлерін берген өңірде «Рухани жаңғыру» бойынша да көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Павлодарлықтар Елбасының осы қамқорлығын бағалай білуі керек», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед жұмысшылармен кездесу барысында.

Облыста өңірдегі өнеркәсіп орындарына мамандар даярлау ісі де жүйелі жолға қойылған. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары осы бағытта жұмыс істейтін Павлодар түсті металлургия колледжінің студенттерімен арнайы кездесті. Мұнда металлургия саласы бойынша нарықта ерекше сұранысқа ие мамандықтар: токарь, слесарь, электрогазбен дәнекерлеуші, электромонтер, техник-металлург сияқты кәсіби мамандар даярлайды. Оқу бітіргеннен кейін түлектер «Қазақстан алюминиі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» АҚ сияқты ірі кәсіпорындарда жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Бұл жұмыстар мемлекеттік бағдарлама аясында колледж бен аталған компаниялар арасындағы келісім бойынша жүргізіледі.





Яндекс.Метрика