Рухани жаңғыру

ШҚО-да өңірдегі жаңғыру бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды

Өскеменде "Жаңғыру 3.0: Рухани жаңғыру" тақырыбына Еуразиялық интеграция институты ұйымдастырған сарапшылардың ІІ өңірлік дөңгелек үстелі өтті.
Шығыс Қазақстан11 Қыркүйек , 10:57

Дөңгелек үстел жұмысына облыстың ғылыми-сараптамалық қоғамының, азаматтық сектор мен жергілікті атқарушы органдардың 40-қа жуық өкілі қатысты.  

Сараптамалық талқылауда өңір бойынша "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасына ерекше назар аударылды.

«Рухани жаңғыру» жобасы мемлекеттік органдар мен сарапшылардың өзара іс-қимылын үйлестіреді. Бұл процеске жетекші өңірлік университеттердің ғалымдары, қоғамдық ұйымдар, ҚХА, Қоғамдық кеңес мүшелері белсенді тартылған.

Осылайша, «Рухани қазына» кіші бағдарламасының жобалары аясында ғалымдар "Шығыс Қазақстанның өркениетті ерекшелігі" ғылыми тұғырнамасын әзірлеуде. Бұл тарихи-мәдени және этногенетикалық процестердің жан-жақтылығын көрсетуге, Шығыс Қазақстан облысының бірегей мемориалды мәдениетінің бірыңғай кешенін таныстыруға мүмкіндік береді. 

Тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау, музейлер ашу, "Абай әлемі" кітап сериясын шығару, классикалық музыка фестивальдарын өткізу жөніндегі шаралар кешені іске асырылады. 

Бұдан бөлек, археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары арнайы бағдарламасы шеңберінде белгілі қазақстандық археологтардың басшылығымен Берел және Шілікті кешендерінде зерттеу және қазба жұмыстары жалғасуда. "Қоңыр әулие" және Ырғызбай кесенесі объектілерінде инфрақұрылым жасау, ашық аспан аясында палеонтологиялық музей ашу жұмыстары жүргізілмек.  

Сонымен бірге, Ұлыбритания, Франция, АҚШ, Италия, Венгрия, Польша, Жапония, Германия мен Ресей Федерациясынан шетелдік ғалымдар да мәдениет ескерткіштерін зерттеуге үлкен қызығушылық танытуда. 

Айта кету керек, ШҚО-да әр түрлі дәуірге жататын тарихи-мәдени ескерткіштер өте көп. Ондағы 8 нысан Республикалық сараптамалық комиссияның қарауынан кейін "Қазақстанның киелі жерлері" тізбесіне енгізілген. 

«Жаңа оқу жылынан бастап мектеп оқушылары үшін киелі жерлер бойынша арнайы экскурсиялар ұйымдастырылады. Биыл оған 600 бала қатысады. Барлығы 26 туристік бағдар әзірленіп, оның 10-ы қазіргі уақытта жұмыс істеп тұр», - делінген әкімдіктің хабарламасында. 

Еуразиялық интеграция институтының директоры Ғани Нығыметов өз сөзінде Шығыс Қазақстан облысының ғылыми-сараптамалық қоғамын "Рухани жаңғыру" жобаларын талдау мен талқылауға белсенді қатысуға, сондай-ақ оны іске асыру тетіктерін жетілдіру бойынша құрылымдық ұсыныстар беруге шақырды. 

«Мұндай кездесулер мемлекеттік билік өкілдері мен сараптамалық қоғам арасында тәжірибе, пікір алмасуға мүмкіндік береді. Олар орталық пен өңірлерде жаңғыру процестерінің қаншалықты бірдей іске асырылып келе жатқанын анықтауға көмектеседі», – деп атап өтті Ғ. Нығыметов.

Соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру процесін жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды бірлесіп әзірлеуде мұндай форматтағы кездесулердің құнды екенін атап өтті. 




Яндекс.Метрика