Рухани жаңғыру

М.Құл-Мұхаммед ШҚО-ның киелі жерлерімен танысты

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Шығыс Қазақстан облысына сапары барысында тамыры тереңге жайылған тарихи-мәдени орындарға барды.
Шығыс Қазақстан 08 Қыркүйек, 16:12

Атап айтқанда, Абай ауданында орналасқан көне түрік дәуіріне жататын Қоңыр әулие үңгірі мен Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай ата кесенесінде болды. Бұл екі нысан да облыстағы киелі жерлер картасына енгізілген.

Алдағы уақытта Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған тың бастамаларды жүзеге асыру арқылы мұндай орындарға күрделі жөндеу жүргізіліп, ондағы қызмет көрсет сапасы жақсармақ. Соның арқасында оған келетін туристер мен зияратшылардың саны да айтарлықтай артады деп күтілуде.

Жалпы Шығыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін арнайы кешенді жоспар дайындалып, оған әртүрлі 61 жоба енгізілген. Олардың қатарында музей салу, киелі жерлердегі инфрақұрылымды дамыту, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, көне жәдігерлерді іздеу сияқты көптеген игі істер бар. Бұл жұмыстарға 28 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінбек.

Өңірдегі осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге кейбір киелі орындарға барды. Соның бірі Қоңыр әулие үңгірі ел арасында тарихи аңыздарымен және емдік қасиетке ие суымен белгілі. Бұл табиғи ескерткіш ежелден қазақ халқының зиярат ететін орталығы болған. Тіпті мұнда кезінде данышпан Абай мен ұлы жазушы Мұхтар Әуезов те келген. Кейін М.Әуезов өзінің «Абай жолы» романында үңгір туралы айтып өтеді.

Сол кезден қалыптасқан дәстүр әлі күнге бұзылмай, сақталып келеді. Бүгінде Қоңыр әулие үңгіріне жылына 10 мыңға жуық саяхатшылар мен зияратшылар келеді. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары мемлекеттік бағдарлама аясында бұл жерге барлық инфрақұрылым жүйесі жүргізілген кезде келушілердің саны бұдан да көбейіп, географиясы да кеңейе түсетініне ерекше назар аударды.

«Елбасымыз әрдайым ұлтымыздың ұлы ақыны Абай мұрасын қадірлеп, барша халықты оның өлеңдері мен қара сөздерінен өнеге алуға шақырып келеді. Президентіміз ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да Абай атамыздың бүкіл әлемдегі оқу, білім, мәдениеттің ең озық үлгілерінен үйрену жөніндегі өсиеттерімен өзектес. Ендеше ұлы ойшылдың ізі қалған Қоңыр әулие үңгірі сияқты мекендер біз үшін нағыз киелі жер болуға тиіс. Туған жерге тағзым осындай қасиетті орындарды қадірлеп, қастерлеуден басталады.

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Соның нәтижесінде көптеген тарихи ескерткіштер күрделі жөндеуден өткізіліп, халықтың тағзым ететін, отандық және шетелдік туристердің жиі келетін, қазақ тарихынан сыр шертетін киелі орындарға айналып отыр. Осындай игі істерді Елбасымыздың халқына тарту еткен тамаша сыйы деп қабылдауымыз керек», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сонымен қатар, партия Төрағасының Бірінші орынбасары Тарбағатай ауданындағы киелі жерлердің бірі Ырғызбай ата кесенесінде болды. Бұл кесене ХІХ ғасырдың орта тұсында салынған діни архитектуралық ескерткіш. Ырғызбай Досқанаұлы заманында қазақ даласындағы дәрілік шөптердің қасиеттері мен қолдану тәсілдерін жетік меңгерген әйгілі емші және сынықшы болған. Бүгінде бұл орында «Туған жер» бағдарламасы бойынша абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Кешенде кесенеден бөлек, мешіт, музей және екі мыңнан астам кітап қоры сақталған кітапхана жұмыс істейді. Тіпті сол кітаптардың арасында ХVII-XVIII ғасырларда жазылған Ибн Синаның медициналық трактаттары да бар.

Осы ретте Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар Шығыс Қазақстан облысының барлық ауданын қамтитынын ерекше атап өткен жөн. Яғни, Қоңыр әулие үңгірі және Ырғызбай ата кесенесімен қатар, өңірдегі киелі жерлер картасына Шілікті, Берел қорымдары, Аблайкит қорған-монастыры, «Абай-Шәкәрім» мемориалды кешені, Белуха, Ашутас таулары және тағы басқа қастерлі орындар енгізілген.





Яндекс.Метрика