«Нұрлы жол» – Қазақстанның даму жолы

Көлік жүйесі Қазақстан экономикасының дамуына әсер етеді (Шолу)

Эксклюзив
Көлік жүйесі – Қазақстан инфрақұрылымының негізгі бір бөлігі және ел экономикасының даму деңгейіне елеулі әсер етеді. Республиканың автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 96 мың км; соның ішінде республикалық желі – 23,7 мың км, жергілікті желі – 72,8 мың км, темір жолдар – 14,8 мың км; әуе желісі – 78 мың км. Осы жолдар қаншалықты тиімді пайдаланылады?
Астана қаласы08 Қыркүйек , 15:14

Жыл сайын көлік саласы ЖІӨ құрылымында өсімнің оң қарқынын көрсетеді. 2016 жылы көлік секторының үлесі 8,2% құрады. Тиімді көлік-логистикалық желілер ел ішіндегі өнеркәсіптік орталықтарды жақындату арқылы ҚР индустрияландыру процесін жылдамдатуға ғана емес, сонымен қатар өңірлік ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік экономикаға одан әрі кіруі үшін база құруға да қабілетті. Оған қоса, Қазақстанның стратегиялық тиімді географиялық жағдайы транзиттік мүмкіндіктерді белсенді іске асыру есебінен едәуір табыс көзін алуға мүмкіндік береді. 

Көлік саласы мен транзитті дамыту "Қазақстан-2050" стратегиясының сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының басты бағыттарының бірі болып табылады. 2017 жылғы 31 қаңтарда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Жолдауында көлік саласын және жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығын атап өткен болатын. 

Заманауи көлік-логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыру және оның халықаралық жүйеге кірігуін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда ҚР көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын және Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру басталды. 2016 жылғы желтоқсанда ҚР көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына ықпалдастырылды.

Жалпы, көлік жолдарын жаңарту мақсатында 2010 жылдан бастап қайта құру жұмысы жүргізіліп, 5 мың км-ге жуық республикалық маңызы бар автомобиль жолы күрделі жөндеуден өтті. Оған қоса, соңғы бес жыл ішінде теміржол желілерінің пайдалану ұзындығы 1 854 км-ге ұлғайтылды. 

Астана - Қарағанды, Орталық - Шығыс, Бейнеу - Ақтау, Орталық - Батыс, Қапшағай - Талдықорған, Петропавл - РФ шекарасы және Орал - Каменка 7 жобасы бойынша жұмыстар одан әрі жалғасын табады.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында осы жобалардың сәтті іске асырылуы 2020 жылға дейін келесі міндеттерге қол жеткзуді көздейді: 7 мың км жолды қайта құру және салу, 6,5 мың км жолды ақылы ету, транзиттік контейнерлік тасымалдарды 10 есе арттыру - жылына 2 млн контейнерге дейін, порттардың өткізу қабілетін жылына 24 млн тоннаға дейін арттыру, жобаларды іске асыру кезеңінде 100 мың адамды жұмыспен қамту.  

Көлік инфрақұрылымын жаңарту және логистиканы дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты белсенді іске асыру бүгіннің өзінде өз нәтижелерін көрсетуде. Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдар көлемі едәуір ұлғайды. Ресми статистикалық мәлімет бойынша, 2016 жылғы транзиттік тасымалдардан түскен жиынтық кіріс 267 млрд теңгені құрады. 2015 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш  40%-ға ұлғайған.

Бұдан бөлек, Қытайдың Еуропалық Одақ елдерімен қарқынды түрде дамып келе жатқан сауда қатынастары Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерінің кеңеюіне ықпал етеді. Осыған орай, бүгінгі күні ҚХР - ЕО бағытымен өтетін жолдар Қазақстан үшін анағұрлым перспективалы бағдарлар болып табылады. Сонымен қатар, өңірлік өзара іс-қимылды күшейту үшін Қазақстан және ҚХР көшбасшылары 2016 жылғы қыркүйекте "Нұрлы жол" және "Жібек жолының экономикалық белдеуі" бағдарламаларын ұштастыру жөніндегі ынтымақтастық жоспарына қол қойған еді. Өткен жылы ҚХР-ЕО-ҚХР бағытындағы контейнерлік тасымалдар көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 2 есе ұлғайған. 2017 жылғы 5 ай ішінде осы бағыттағы тасымалдар 2016 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,2 есе өскен. 

ҚР аумағы бойынша жүкті автокөлікпен тасымалдау 2016 жыл ішінде 1,4 млн тоннаны құраған, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 11,6%-ға артық. Автомобиль көлігімен тасымалдаудан түскен кірістер 67 млн теңгені құрады. Болашақта   ақылы жолдарды енгізу транзиттік тасымалдардан түскен кірісті ұлғайтуға оң әсер етуі мүмкін.

ҚХР - ЕО бағытындағы құрлық бағдарларының негізгі артықшылығы олардың жеделдігі болып табылады. Қазақстан аумағымен өтетін бағдарлар арқылы осы бағытта жүктерді жеткізу орта есеппен - 12-15 күнді алса, Оңтүстік теңіз жолымен жеткізу 45-60 күнді, Солтүстік теңіз жолымен жеткізу - 33-35 күнді, Транссібір магистралі арқылы жеткізу 18-20 күнді алады. Осы басымдыққа қарамастан, қолданыстағы транзиттік бағдарларды сақтап, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жүктерді тасымалдау жеделдігі мен қолайлылығын арттыру жұмысын одан әрі жалғастыру керек. 

 

Алайда, бүгінгі таңда оған бірқатар проблемалар кедергі келтіруде. Біріншіден, контейнерлік поездарды қайта жүктеу мәселесі. Мысалы, 2016 жыл қорытындылары бойынша, қайта жүктеу көлемдері орта есеппен  35% құраған. Қайта жүктеудің шағын көлемдері тасымалдаушылардың жиынтық шығындарын ұлғайтып, құрлық бағдарларының тартымдылығын төмендетеді. Екіншіден, темір жолдардың арнайы платформалармен жеткілікті жарақтандырылмауы. Қазіргі уақытта қазақстандық теміржол паркі негізінен 40-60 футтық фитингтік платформалардан тұрады. Транзиттік тасымалдардың тиімділігін арттыру және тасымалданатын жүк көлемдерін ұлғайту үшін транзиттік тауарларды ірі контейнерлерде тасымалдауға мүмкіндік беретін 80 футтық фитингтік платформаларды пайдалану талап етіледі. Үшіншіден, автомобиль жолдарының пайдалануға уақтылы тапсырылмауы, сондай-ақ республикалық автожолдардың жекелеген учаскелерінде құрылыс жұмыстарының сапасыз орындалуы да автомобиль көлігімен тасымалданатын транзиттік тасымалдардың дамуына теріс әсер етеді. Төртіншіден, логистика және сервис сапасы проблемасы. Қолданыстағы сервис объектілерінің саны жеткіліксіз, бұл объектілердің едәуір бөлігі қызмет көрсету сапасына қойылатын негізгі талаптарға сәйкес келмейді және осыған байланысты олар халықаралық транзиттік тасымалдарды да және ішкі сұранысты да өз қызметтерімен толық қамтамасыз ете алмайды. Бесіншіден, транзиттік және экспорттық-импорттық операциялардың құнының өзгеруіне әсер ететін кедендік және визалық рәсімдерді оңайлату мәселесі әлі де өзекті болып қалуда.

Айта кету керек, бүгінгі таңда орын алып жатқан проблемаларды шешу мақсатында мемлекет тарапынан да және бірқатар үкіметаралық жұмыс топтары тарапынан да, сонымен қатар бірінші кезекте еліміздің бизнес-қоғамдастықтары тарапынан да белсенді жұмыс жүргізілуде.

Осылайша, бүгінгі күні көлік саласының Қазақстан экономикасындағы рөлінің артып келе жатқанын байқай аламыз. Оған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында жүргізіліп жатқан заманауи көлік жүйесіндегі оң өзгерістер куә. Осы бағдарламаның сәтті іске асырылуы республика ішіндегі көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, сонымен қатар едәуір экономикалық пайда алуға және Қазақстанның өңірдегі негізгі көлік хабы ретінде қалыптасуына мүмкіндік беретін транзиттік мүмкіндіктердің де өсуіне ықпал етеді. 

 

Найля Әлмұхамедова,

«Парасат» жүйелі зерттеулер институтының сарапшысы




Яндекс.Метрика