Басқару

Қазақстан және Польша Президенттері Астанадағы бизнес-форумға қатысты

Астанада екі елдің Мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Анджей Дуданың қатысуымен Қазақстан-Польша бизнес форумы өтуде. Президенттер екіжақты ынтымақтастықтың жетістіктері туралы айтып, болашақ жоспарларымен бөлісті.
Астана қаласы 06 Қыркүйек, 16:37

«Біз туризмнің барлық түрлерін дамытуға үлкен мән береміз. Туристік саланы дамытудың тиісті тұжырымдамасы қабылданды. Қазақстанда әлем көрмеген табиғаттың көркем жерлері бар. Мен Президент мырзаны еліміздің әсем жерлерін аралауға шақырдым», - деді ҚР Президенті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Польша Президентімен келіссөздер нәтижелі өткенін және қазақстандықтардың Польшаға визаларын алып тастау бойынша келіссөздер жүріп жатқанын атап өтті.  

«Біз Польша Республикасының Президентімен бірге ауқымды келіссөз жүргіздік. Екіжақты қарым-қатынастарға, өңірлік және халықаралық саясатқа қатысты барлық мәселелерді талқыладық. Мен 2016 жылы Польшаға сапармен барған болатынмын. Өткен жылы азық-түлік тауарларына бағаның төмендеуіне байланысты, тауар айналымы да төмендеді. Біздің міндетіміз – қажетті деңгейге шығу жолдарын табу. Қазақстандағы польшалық азаматтар визалық талаптардан босатылған. Шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі жұмыс топтары құрылды» – деп атап өтті Н. Назарбаев.

ҚР Президенті Қазақстан бизнесті тиімді жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктер беретінін атап өтті.

«Біз ҚХР-дың Ұлы Жібек жолы идеясын толық қолдадық және оған қосылып қана қоймай, дамытуға да атсалыстық. Польша Еуропаның орталығында орналасқан, біздің географиялық орналасуымыз бен жағдайларымыз бірдей. Қазақстан бизнесті тиімді жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Кәсіпкерлер үшін барлық жағдайлар жасалған», - деді Елбасы.

ҚР Ұлт көшбасшысы сондай-ақ екі елдің аграрлық секторының маңызды рөлін атап өтті.

«Бізге Польшаның аграрлық сектордағы тәжірибесі жақсы белгілі. Ол сапалы ауыл шаруашылығы өнімін ірі экспорттаушы болып табылады. Сондай-ақ Қазақстан осы салаға басым назар аударады. Қазір біз 10 млн тонна жоғары сапалы бидай экспорттаймыз. Ет өндірісі де дамуда. Сіздердің компанияларыңызды бірлесіп жұмыс жүргізуге шақырамыз. Агрокешенді дамытудың өңірлік бағдарламасы іске асырылуда. Биылғы жылы біздің елдер арасында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім күшіне енді. Халықаралық университет, инновациялық технологиялар паркі сияқты инновациялық кластерлер дамуда. Бұдан бөлек, Астана ЭКСПО базасында IT-старттар халықаралық паркі ашылмақ. Цифрландыру инновациялық дамудың маңызды бөлігіне айналып келеді», - деп қорытындылады Н. Назарбаев.

Польша Республикасының басшысы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шақыру үшін алғысын білдіріп, Қазақстан мен Польша арасындағы өзара тиімді екіжақты қарым-қатынастарды атап өтті.

"Қазақстанға шақырғаныңыз үшін алғыс білдіремін. Нұрсұлтан Назарбаевтың Варшаваға өткен жылғы сапары өзара айналымның жақсы деңгейге көтерілуіне ықпал еткеніне сенімдімін. Алдағы 6 жылда Қазақстан-Польша айналымдары жылына 6 млрд доллар деңгейіне жетеді деп ойлаймын», - деді А. Дуда.

Польша Президенті сондай-ақ Польша Республикасының ЭКСПО-2022 көрмесін өткізуге үміткер екенін және Қазақстанның қолдауына сенім білдіретінін жеткізді.

«Польша 2022 жылы ЭКСПО көрмесін ұйымдастыруға үміткер. Біздің "Сity reinvented" атты тақырыбымыз әмбебап шешімдерге қатысты. Біз Қазақстанның қолдауына сенеміз», - деп бөлісті А. Дуда. 

Сөз соңында Польша Президенті Қазақстан мен Польшаның екіжақты қарым-қатынасын атап өтті.

«Біз қазақстандық кәсіпкерлерді біздің елімізде жұмыс істеуге тартамыз. Польшалық фирмалар қазақстандық әріптестеріне Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолданылуы мүмкін жоғары тартымды тауарлар мен технологияларды ұсына алады», - деп қорытындылады А. Дуда. 

Еске сала кетейік, Астанада 450-ден астам бизнес өкілінің қатысуымен Қазақстан-Польша бизнес форумы өтуде. Қазақстан мен Поьшаның ынтымақтастығы туралы 10 құжатқа қол қойылды.

Қайрат Жандыбаев





Яндекс.Метрика