Басқару

Төмен байытылған уран банкінің ядролық қалдықтарға қатысы жоқ - Қ. Бозымбаев

Төмен байытылған уран банкі - бұл 90 тонна уран гиксофториді. Бұл материалдан қуаттылығы 1000 МгВт атом станциясы реакторын бір рет жүктеу үшін отын дайындауға болады. Осы ретте Банктің ядролық қалдықтарға қатысы жоқ. Бұл туралы энергетика министрі Қанат Бозымбаев АЭХА Төмен байытылған уран банкінің ашылу рәсімінен кейін өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Астана қаласы 29 Тамыз, 18:14

«2006 жылы "Ядролық қауіпті қысқарту бастамасы" америкалық қоры АЭХА ядролық отын халықаралық банкін құру туралы бастама жасағаны баршамызға белгілі, ол нарықтық емес сипаттағы проблемалар туындаған жағдайда атом станциялары үшін үздіксіз отын жеткізуге кепілдік беруі тиіс болатын», - деді Қ. Бозымбаев.

Бұл идеяны АЭХА қолдап, Төмен байытылған уран банкін құруды ұсынды. 2011 жылы Банкті орналастыру үшін мемлекет таңдауға тиісті тендер жарияланып, Қазақстан оған бірінші болып жауап берген еді.  

«Банкті орналастыру үшін 2 алаң ұсынылды: бұрынғы Семей ядролық полигоны аумағындағы сақтау қоймасы және "Үлбі металлургиялық зауыты" АҚ қоймасы. АЭХА сарапшылары осы ұсыныстарды зерттегеннен кейін өзінің жұмыс тәжірибесі, қызметкерлерінің біліктілігі мен техникалық деңгейі жағынан АЭХА-ның ядролық материалдарды сақтау бойынша талаптарына сәйкес келген "Үлбі металлургиялық зауыты" АҚ-ны таңдады», - деді энергетика министрі.

Осы ретте ол Төмен байытылған уран банкінің ядролық қалдықтарға қатысы жоқ екенін атап өтті. 

«Банк деген не? Төмен байытылған уран банкі - бұл 90 тонна уран гиксофториді. Бұл отын дайындауға арналған бастапқы материал, оның ядролық қалдықтарға еш қатысы жоқ. Көбі жиі шатастырып жатады», - деді Энергетика министрлігінің басшысы.

АЭХА ТБУБ ядролық отын өндіруге қажетті 90 метрикалық тонна төмен байытылған уранды қамтиды. Физикалық резерв үлкен қаланы үш жыл бойы қамтамасыз ету үшін қажетті отынды өндіру үшін жеткілікті болады. 

 

Ақбота Күзекбай





Яндекс.Метрика