АШК – Қазақстан экономикасының драйвері

Жамбыл облысында 571,8 тонна астық бастырылды

Жамбыл облысында 571,8 тонна астық бастырылды. Мұндай ақпаратты Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев хабарлады.
Жамбыл 29 Тамыз, 18:54

Үстіміздегі жылы 630,1 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 32,2 мың гектарға артты. Оның ішінде 274,8 мың гектарға дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, 89,8 мың гектарға майлы дақылдар, 9,5 мың гектарға қант қызылшасы, 9,0 мың гектарға картоп, 39,5 мың гектарға көкөніс-бақша дақылдары және 207,5 мың гектарға мал азығы дақылдары егілді.

Бүгінгі күні облыс бойынша егін ору науқаны аяқталды. Биылғы жылы 258,5 мың гектар масақты дәнді дақылдар егін орағына түсіп, әр гектардан алынған орташа өнім 24,1 центнерді құрады және 623,5 мың тонна астық бастырылып, 34,1 мың тонна өнім артық алынды.

Сонымен қатар, күзгі дала жиын жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күні 3,4 мың гектар картоп жиналып, орташа өнімділігі - 223,3 ц/га, 9,7 мың гектар бақша дақылы жиналып, орташа өнімділігі - 271,7 ц/га, 5,1 мың гектар көкөніс жиналып, орташа өнімділігі 248,0 ц/га, 8,0 мың гектар майлы дақылдар жиналып, орташа өнімділігі 6,6 ц/га құрауда. Қазіргі уақытта жиын-терім жұмыстары жалғасуда.

“Мал азығы бойынша бүгінгі күнге 1,4 млн. тонна пішен дайындалып, жоспар 101,3%-ға, 16,1 мың тонна пішендеме дайындалып, жоспар 41,3%, орындалса, 8,3 мың тонна сүрлем әзірленіп, жоспар 26,3% орындалып отыр”, - деп мәлімдеді Ерлан Елібайұлы.

Сонымен бірге, 116,3 мың гектар алқапта сүр көтеріліп, жоспар 100% орындалды.Қант қызылшасы бойынша аймақтарды дамыту бағдарламасына сәйкес, 2017 жылы қант қызылшасы дақылының егістік алқабы 9,0 мың гектарға жоспарланған.

Ағымдағы жылы Жамбыл облысы бойынша егілген қант қызылшасы дақылының көлемі статистикалық 4-АШ есебіне сәйкес 9 548,2 гектарды құрады. Оның өсіп-өнуіне «ОртаАзиялықҚантКорпорациясы» ЖШС-нің өкілдері және аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімдерімен бірлесіп жасаған соңғы сараптама қорытындысы (таксация) бойынша облыстағы 6810,1 гектар қант қызылшасы алқабының жағдайы жақсы болса, 1850 гектардың жағдай орташа және 850 гектардың жағдай төмендеу.

Осыған қарамастан бұл алқаптардан жалпы 169,5 мың тонна өнім алынады деп күтілуде. Жасалған таксация жұмыстары мен «ОртаАзиялықҚантКорпорациясы» ЖШС-нің берген мәліметіне сәйкес, «Меркі қант зауыты» қант қызылшасынан жиналған өнімді 2017 жылдың 25-шы қыркүйегінен бастап қабылдаса, «Тараз қант зауыты» ағымдағы жылдың 5 қазанынан бастап қабылдайды.

 





Яндекс.Метрика