Экономика

ОҚО Астанада бизнес-форум өткізді

Астана қаласында Оңтүстік Қазақстан облысының күндері аясында «Ontustik Business: Мүмкіндіктер мен әлеует» атты бизнес-форум болып өтті, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Астана қаласы29 Тамыз , 20:46

Форум жұмысына ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, «Қазақстан Даму банкі» АҚ төрағасы Болат Жәмішев бастаған даму институттары мен екінші деңгейлі банктер мен кәсіпкерлерден құралған  150- ге жуық адам қатысты.

Бизнес-форум барысында өңірдің инвестициялық жобалары, инвест преференциялар мен туристік өнімдердің таныстырылымы өтті. Кездесудің басты мақсаты - Оңтүстіктің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыра отырып, өңірге инвестиция тарту. Осы арқылы облыс экономикасын дамыту және туристерді көптеп шақыру.

Оңтүстік Қазақстан облысы - экономикалық әлеуеті зор, тұрақты дамып келе жатқан өңір екенін айтқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев аймақ Орта Азия, Таяу Шығыс пен Еуропа елдерін байланыстыратын жолдардың қиылысында орналасқанын, соның нәтижесінде шекаралық сауда-саттық пен экспорттық өндіріс дамып келетінін жеткізді.

«Өздеріңізге белгілі, әлемде сапалы азық-түлік өніміне деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Тұтынушы сапа мен қауіпсіздікті талап етеді. Бұл тұрғыда Қазақстанға Ресей, Қытай, Иран және басқа да елдер секілді жаңа нарық ашылуда. Осы нарықты игеруде Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуеті зор. Себебі, тарихи өлкенің аграрлы саласы жақсы дамыған.  Соңғы 3 жылда жиналған бақша өнімдерінің көлемі 1 миллион тоннадан асып түседі. Қазақстандағы жылыжайдың 90 пайызы біздің өңірде орналасқан. Мақта толығымен, ал жүзім мен бақша өнімдерінің 70 пайызы осы облыста өсіріледі»,-деді облыс әкімі Ж.Түймебаев.

Форум аясында сөз алған «KAZAKH INVEST» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары  Мейіржан Майкенов  Қазақстанның инвестициялық климаты жөнінде баяндама жасады.

Бизнес-форум аясында 6 меморандумға қол қойылды. Солардың алғашқысы боп  «Шымкент» «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» Ұлттық компаниясы» Акционерлкционерлік қоғамы Қытайдың Аньхой провинциясы халықаралық сауда қатынасын дамыту комитетімен екіжақты түсіністік жөнінде меморандумға қол қойды. Сондай-ақ дәл осы компания «НГ-Энерго» ААҚ-мен әріптестік арттыру жөнінде келісімге келді. Екі тарап алдағы уақытта  өзара қарым- қатынасты дамыта түспек.

Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік, индустриалды –иновациялық даму және туризм басқармасы мен «POWER LANDMARK HOLDINGS LTD» компаниясы арасында өзара келісімге келіп, инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде меморандуға қол қойды.

Айта кетейік, жалпы облысқа осы жылы 229,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 31,5 пайызға өсіп, республикадағы үлесінің 5,7 % құраған. Өңірге көптеп инвестиция тарту мақсатында жыл басынан бері шетел инвесторларымен 40-тан аса іскерлік кездесулер ұйымдастырылды. Нәтижесінде БАӘ – медициналық бұйымдар және дәрілік заттар шығаратын зауыт салу, Ресей елімен – Евро-5 стандартына сай жанар-жағармай өндіретін мұнай өңдеу зауытын салу, ал Қытай елімен бірлесе биоэталон, фосфор тыңайтқышын  шығаратын және 200 МВт күн электр станциясы құрылыстарын жүргізу бойынша келісімдерге қол қойылған.

 




Яндекс.Метрика