Үкімет

ҚР Премьер-Министрі "Астана-1" пилоттық ақпараттық жүйесін сынақтан өткізуді тапсырды

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында «Астана-1» пилоттық ақпараттық жүйесін барлық модульдер бойынша сынақтан өткізу қажеттігін тапсырды.
Астана қаласы 29 Тамыз, 12:16

«Бахыт Тұрлыханұлы (ҚР қаржы министрі - АА), кедендік рәсімдерді оңайлату бойынша «Астана-1» пилоттық ақпараттық жүйесі 2018 жылдың басына дейін істен шықпай жұмыс істеуі үшін, оны барлық модульдер бойынша сынақтан өткізу қажет. Сондай-ақ жаңа Кеден кодексін іске асыру бойынша заңға сәйкес актілерді дайындау қажет. Асқар Ұзақпайұлы (Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - АА), бақылауға алыңыз», - деді Б. Сағынтаев.

Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне алдыңғы отырыста баяндалған Салық кодексінің жобасын пысықтауды тапсырды.

«Өңірлік электр тарату компаниялары бойынша. Энергетика министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, өңірлік электр желілік компанияларды ірілендіру процесінің басталуын қамтамасыз етсін. 2018 жылғы бірінші тоқсан қорытындылары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндасын. Сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігі мен әкімдерге қараусыз электр желілерін түгендеп, 20 қазанға дейін оларды әкімдіктердің балансына тапсыру бойынша толық жоспар ұсынуды тапсырамын», - деді Премьер-Министр. 

Бақытжан Сағынтаев Инвестициялар және даму министрлігіне «KazakhInvest» және әкімдермен бірлесіп, әрбір инвестициялық жобаны іске асыруға жауапты аймақтарды белгілеуді тапсырды.  

«Экспорт пен өнімділікті арттыруға ерекше көңіл бөлу қажет. Жеңіс Махмұдұлы (ҚР инвестициялар және даму министрі - АА), жауапкершілік сізге жүктеледі», - деп қосты Үкімет басшысы.

Ақбота Күзекбай





Яндекс.Метрика