Үкімет

Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 88,6 млн тоннаға дейін ұлғаяды

Мұнай өндіру көлемі 86 млн тоннадан 2022 жылы 88,6 млн тоннаға дейін ұлғаяды, деп хабарлады ұлттық экономика министрі ҚР Үкіметінің отырысы барысында.
Астана қаласы 29 Тамыз, 11:14

«Мұнай өндіру көлемі 2018 жылы 86 млн тоннадан 2022 жылы 88,6 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Экспорт 2018 жылы 47,5 млрд долларды құрап, 2022 жылы 60,6  млрд АҚШ долларына дейін өседі.  Импорт 2018 жылы 34 млрд доллардан 2022 жылы 45,5 млрд АҚШ долларына дейін өседі», - деді Тимур Сүлейменов.

Министр мәлімдегендей, Ұлттық банк жылдық инфляцияның нысаналы дәлізін 2018 жылы 5-7 %, 2019 жылы 4-6 % шегінде сақтап, кейіннен 2020-2022 жылдары 3-4% дейін төмендетеді.

Жұмыссыздық деңгейі 2018 жылы 4,9 %-дан 2022 жылы 4,7%-ға дейін төмендейді. 

«Орташа мерзімді кезеңде өсім параметрлеріне қол жеткізу үшін экономикалық саясаттың келесі басымдықтарына негізгі күш жұмсалады: ақша-несие саясатының рөлін ынталандыру, қаржылық тұрақтылықты және тиімді бюджеттік-салық саясатын қамтамасыз ету есебінен макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету; Цифрлық технологияларды қолдана отырып, жаңа индустрияларды өсіру, технологиялық қайта жарақтандыру, еңбек өнімділігін арттыру арқылы жылдамдатылған технологиялық жаңғырту», - деп атап өтті ведомство басшысы.

Сондай-ақ, осы мақсат үшін бизнес-ортаны жақсартып, кеңейту қажет. 

Сонымен қатар, министр әзірленген бюджеттік параметрлер болжамы мен 2018-2020 жылдарға арналған ұлттық қор туралы да айтып берді. 

«Республикалық бюджет кірістері 2018 жылы - 5 528,4 млрд теңге , 2019 жылы – 6 403,9 млрд теңге, 2020 жылы – 7 175,8 млрд теңге сомасында болжанады. Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру мен пайдалану тұжырымдамасына сәйкес, республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт 2018 жылы  – 2 600 млрд теңге, 2019 жылы – 2 300 млрд теңге, 2020 жылы – 2 000 млрд теңге көлемінде төмендеумен айқындалады», - деді Т. Сүлейменов.

Осы ретте, ведомство басшысы атап өткендей, бюджет тапшылығын 2018 жылы ЖІӨ 1,1 %-ына дейін төмендету, 2019-2020 жылдары ЖІӨ 1,0%-ы деңгейінде белгілеу ұсынылады.

«Болжанған түсімдер мен жоспарланған тапшылықты ескере отыра, республикалық бюджет шығыстарының болжамы 2018 жылы - 9 217,9 млрд теңге, 2019 жылы – 9 798,2 млрд теңге, 2020 жылы – 10 219,7 млрд теңге көлемінде айқындалған», - деп қорытындылады министр.

Еске сала кетейік, әлеуметтік-экономикалық дамудың 2018-2022 жылдарға арналған болжамы мен негізгі басымдықтарын ұсына отыра, ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ЖІӨ-нің нақты өсімі 2018 жылы 3,1% деңгейінде болжанатынын хабарлаған болатын.  

Ақбота Күзекбай





Яндекс.Метрика