Өңірлер

«Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында 452 маман аудандарға көшіп келеді

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында «Дипломмен ауылға!» бағдарламасын жүзеге асырудың өзекті сұрақтары талқыланды.
Ақтөбе 29 Тамыз, 09:51

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысының айтуынша,  2009-2017 жылдары бағдарламаның жүзеге асырылған кезеңінде өңірде әлеуметтік қолдау шараларын көрсету үшін 3,2 млрд. теңге бөлінген. Нәтижесінде, ауылдық елді мекендерге әлеуметтік сала және агроөнеркәсіп кешенінің 4635 маманы тартылып, олардың ішінде 3486 адам көтермеақы, 1149 адам тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие алды.

«Осы жылы облысқа 452 маман тарту жоспарда бар. Бұл мақсатқа 486 млн. теңге қарастырылған, оның 357 млн. теңгесі – баспана сатып алу үшін берілетін несие, 55 млн-ы - көтермеақы. Бүгін жоспар 69% орындалды», - деді  Олжас Смағұлов.

Бұған қоса, бағдарламаны жүзеге асыру сараптамасы бірқатар проблемалық сұрақтарды анықтады.

Атап айтқанда, бағдарламаға  облыстың барлық аудандары бірдей қатысып жатқан жоқ. Облыс бойынша бағдарламаға қатысушылардың 53 пайызын қамтыған Мәртөк, Әйтеке би, Темір, Ойыл және Хобда аудандары неғұрлым белсенді қатысуда. Шалқар мен Хромтау аудандары мамандарды бағдарлама бойынша аз тартуда.

Сондай-ақ, мамандарды агроөнеркәсіп, мәдениет, спорт пен әлеуметтік қамсыздандыру салаларына  тарту жағы  әлсіздеу. Мәселен, сегіз жылдың ішінде бағдарламаға қатысушылардың 81%-ы білім беру саласына, 13,3%-ы денсаулық сақтау саласына тартылса, АӨК-не мамандардың 2,5%, мәдениетке 1,9%, спортқа 1%, әлеуметтік қамсыздандыруға 0,3% тартылған.

Бұдан өзге, бағдарламаға қатысушыларды жинау кадр қажеттілігін есептемей өтеді, сондай-ақ, жобаның елді мекендерді қамтуы жоғары емес. Атап айтқанда,  аудандарға жіберілген мамандардың 50%-ға жуығы тұрғын үйді тікелей аудан орталықтарынан сатып алады, сонымен бірге елді мекендердің кадрлермен қамтамасыз етілуінің төмендігі байқалады.

Мысалға, қолда бар қажеттіліктерді есепке алғанның өзінде, ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында Хромтау ауданы бойынша 14 ауылдық округтің тек біреуіне ғана, Әйтеке би ауданы бойынша 15 ауылдық округтің тек біреуіне ғана мамандар жіберілген. Осыған ұқсас жағдай облыстың өзге аудандарында да тіркелген.

Жиналыстың қорытындысы бойынша облыс әкімі Б.Сапарбаев анықталған кемшіліктерді егжей-тегжей талдап, «Дипломмен ауылға!» жобасының тиімді жүзеге асырылу шараларын қолға алуды тапсырды. Соның ішінде, ауылдық елді мекендерді мамандармен барынша қамтуда  аудан орталықтарынан қайта бағдарлану,  аудандардың кадрлерге деген нақты  тапшылығын жекелей анықтау, сонымен қатар, бюджет қаражатын 100%  қайтаруды қамтамасыз ету мақсатында өз міндетін үш жыл атқармаған тұлғалармен жекелей жұмыс жүргізу тапсырылды. 





Яндекс.Метрика