ҚР ИИДМБ

Жамбыл облысында индустриялық парк ашылды

Жамбыл облысында бизнесті қолдау мақсатында «Тараз металлургиялық зауыты» кәсіпорын базасында индустриялық аймақ ашылды.
Жамбыл 26 Тамыз, 15:21

Өңір әкімдігінде хабарлағандай, салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке сөз сөйлеп, облысымызда кәсіпкерлікті қолдауға барлық жағдай жасалып жатқандығын тілге тиек етті. Индустриялық аймақ өз бизнесін дамытуда іске кіріскен кәсіпкерлерге барынша қолайлы жағдай жасаумен қатар шығындарының аз болуын қамтамасыз етеді. Облыста жаңа жұмыс орындарының ашылуына себепші болып, технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістің дамуына септігін тигізеді.

Сонымен қатар, шет мемлекеттер мен өзге облыстардан инвестицияларды тарту, өнеркәсіп саласындағы өңіраралық, мемлекетаралық даму және өнеркәсіптік ұйым қызметкерлерінің біліктілігін арттыру аталған аймақтың маңызды міндеті болмақ.

Индустриялық алаң дайын өндірістік инфрақұрылымға ие болғандықтан өнеркәсіптік объектілердің жұмысын қолдауға мүмкіндік береді. Ол дегеніміз, 63 мың шаршы метрден астам өндірістік, әкімшілік және қоймалық ғимараттары бар аймақ жылумен, газбен және сумен жабдықталған, электр энергиясымен қамтамасыз етілген. Кәсіпорынның негізгі технологиялық цехтарына кіруге мүмкіндігі бар темір жолдар жұмыс істеп тұр, сондай-ақ автомобиль магистраліне еркін қол жеткізу қиындық тудырмайды. Интернет және байланыс қызметтері жоғары қарқында жұмыс істесе, медициналық жәрдем беретін және қоғамдық тамақтандыру қызметтері қолжетімді.

Тараз металлургиялық зауытының инфрақұрылымы жалпы қуаты – сағатына 500 мВт астам электр энергиясын тұтынатын жабдықтарына қызмет көрсетуге қауқарлы. Индустриялық аймақ Тараз қаласының өнеркәсіптік бөлігінде орналасқан. Аталған аймаққа зауыттан арнайы өндірістік және әкімшілік ғимараттар мен қоймалар орналасқан 41 гектар алаң бөлінген.

Бұдан басқа, аймақта зауыттағы құрылыс-монтаждау, метал құрастыру және монтаждау, темірді өңдеу, механикалық өңдеу, сондай-ақ арнайы техникалары жабдықталған автопаркте бар. Сонымен бірге, индустриялық парктің дамуына орай шағын және орта бизнес кәсіпорындарымен ынтымақтастық жөнінде бағдарлама іске қосылды. Жақын арада бизнес-инкубаторды іске қосу жоспарлануда, аталмыш жобаға алаңы 7000 шаршы метрден астам ғимарат беріледі.





Яндекс.Метрика