Білім беру

Алматы мектептері заманауи кабинеттермен 100% қамтамасыз етілген

Алматы қаласының мектептері заманауи физика, химия, биология, лингафонды-мультимедиялы кабинеттермен, интерактивті тақталармен 100 пайыз қамтылған. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қаланың білім саласы қызметкерлерінің тамыз конференциясы барысында мәлім етті.
Алматы қаласы 26 Тамыз, 14:33

Бауыржан Байбек биылғы жылы білім саласының жалпы бюджеті  86,4 млрд теңгені құрағанын айтты.

Қала мектептері заманауи физика, химия, биология, лингафонды-мультимедиялы кабинеттермен, интерактивті тақталармен 100 пайыз қамтылған. Білім берудің жаңа мазмұндағы оқулықтарын сатып алуға 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

Сондай-ақ әкім Мемлекет басшысы білім саласы сананы жаңғыртудың басты  бағыттарының бірі екенін айта келіп,«экономикалық өсімнің жаңа моделі ретінде білім беруді орталық  буын ретінде қабылдау қажет. Оқу бағдарламалары сыни ойлау мен ақпаратты өз бетінше іздеуді дамытуға  ықпал етулері тиіс» деген болатын. Қазірдің өзінде оқу бағдарламалары IT- білімді қалыптастыруға, сыни ойлауды, үш тілділікті дамытуға орайластырылған. Латын әрпіне көшу басталды, бұл Қазақстанға әлемдік білім мен ақпараттық кеңістікке тез қалыптасуға,озық тәжірибені енгізуге ықпал  етумен қатар қазақ тілінің  төл табиғатын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Алматыда Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер толық жүзеге асуда. Қала басшысы өзінің сөзінде басты мақсат -  мегаполистің еліміздің білім мен ғылым орталығы ретіндегі мәртебесін нығайту, оқушыларды  даярлау мен педагогтар құрамының сапасын арттыруда жетекші позициясын сақтау екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы жаңғырту қажет екенін жариялады. Уақыт үрдісіне сай сананы өзгерту – бұл бірыңғай Ұлт пен жауапкершілігі жоғары  адамдарды қалыптастыру, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену. Біздің ортақ мақсатымыз – білімді,денсаулығы мықты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиеленген жас адамды қалыптастыру. Жастар сананы өзгертудің, ашықтық пен прагматизмнің қозғаушы күшіне айналулары тиіс. Олар туған тілдеріне, туған әдебиетке, мәдени мұраға адал болып, өз елінің  шынайы патриоты бола  алады. Балаларымыздың,  қаламыздың, еліміздің болашағы сіздерге байланысты, құрметті ұстаздар. Алматыда білікті және дарынды мүғалімдер жұмыс істейді. Мен Сіздердің барлықтарыңызға барынша  қиын әрі  өте жауапты еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Нағыз  мұғалім –  балдырғанның бойына білім шырағын, өзіне деген сенім мен үміт отын жағатын  қасиетті жан.Тек  мұғалім ғана  адамның бойына жақсылық нышандарын сеуіп, болашағына жол ашады», -  деп атап өтті Б.Байбек.

Қалада соңғы 5 жылда 15 мың орынды 280-нен астам бала бақша, 14 мың орынды 12 мектеп ашылды. Тек өткен жылдың өзінде ғана жергілікті бюджет қаржысы есебінен 500 орынды  4 бала бақша   іске қосылды. «Шаңырақ» және «Қалқаман» ықшам аудандарында мектеп жанынан 1800 орынды қосалқы нысандар пайдалануға берілді.

Биылғы жылы 6  бала бақшаның құрылысы басталды. «Өжет»  елді мекеніндегі №156 мектептің жанынан  600 оқушыға арналған қосалқы нысан салынуда.  Алатау және Наурызбай аудандарында 2600 орынды мектеп  пен қосалқы нысан  салуға қаржы бөлінді.

Мемлекеттік -жеке  әріптестік аясында өткен жылы жеке қаржы есебінен 175 бала бақша мен 5,7 мың орынды мини-орталықтар ашылды. Биылғы жылы 2000 орынды 57 жеке бала бақша пайдалануға берілді. Бизнес  тарапынан болған қолдау  арқасында 14 млрд. теңге бюджеттік қаржы үнемделді.

"Қала құрылысы кеңесінде тұрғын үй салу мәселесі қаралған кезде мектептер мен бала бақшаларға ерекше мән беріледі. Соңғы  2  жыл ішінде инвесторлар есебінен 7 мың орынды 54 бала бақша, 3 мың орынды 24 бала бақша  салуға шешім қабылданған. Кейін бұлар  коммуналды меншікке беріледі. Осының  арқасында  24 млрд. теңге бюджеттік қаржы үнемделді", - деп қосты әкім.

Биыл алғаш рет бірден 28 нысанды сейсмикалық күшейту жұмыстары жүруде. Бұл мақсатқа 23 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Жаңа оқу жылына дейін жоспар бойынша 10 объектідегі жұмыс аяқталады, бұлар 4 мектеп пен 6 бала бақша. Ал қазан айында  9 мектептегі, желтоқсанда  8 мектеп  Үміт үйіндегі жұмыстар бітеді..

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы жылдан бастап Жаппай тегін кәсіптік- техникалық білім» бағдарламасы қолға алынды. Қала бюджетінен 1,5 млрд. теңге бөлінді. Ал бұл жұмысшы мамандығын қажет ететін еңбек нарығына 11 мың адамды тегін оқытуға  мүмкіндік береді.Кәсіптік білім беретін қысқа мерзімді курстар 14 есе ұлғайған, яғни 7 мыңнан астам адам кәсіби білім алды.





Яндекс.Метрика