Басқару

ҚР Президенті ЭКСПО-2017 көрмесінің бірқатар павильондарын аралады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің аумағында орналасқан бес жұлдызды «Хилтон» қонақ үйінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы 25 Тамыз, 20:11

Рәсім соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ресей, Корея, Түрікменстан, Өзбекстан, Франция және Біріккен Араб Әмірліктері елдерінің ұлттық павильондарын аралап көрді.

Қазақстан Президенті Ресей павильонында елдің энергетикадағы жетістіктерін және Арктика жағдайында болашақтың энергетикалық идеяларын көрсететін экспозициялармен танысты.

Өзбекстан павильонында Мемлекет басшысына бұл елдің ғылыми-өндірістік жетістіктері мен технологиялық жобалары, соның ішінде көлік жасау саласында қолданылатын «Электрокарт» эксперименттік платформасы көрсетілді.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстанның ұлттық павильонында дербес гелиобиологиялық қалдықсыз кешеннің макетін көрді.

Қазақстан Президентіне Біріккен Араб Әмірліктерінің жаңартылатын энергетика саласындағы жетістіктері жөнінде баяндалды.

Мемлекет басшысына Корея павильонында «Ақылды энергетикалық микрожелі» құрылғысы мен энергия үнемдеу жүйесінің жұмысы таныстырылды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Францияның жаңартылатын энергия көздерін және «ақылды қалалар» мен экомобильділікті дамыту салаларындағы жетістіктерімен танысты.





Яндекс.Метрика